Чехия павильоны ЕХРО-2017 көрмесі қонақтарының дені қызықтайтын орындардың біріне айналған. Бұл Республика Еуропа төріндегі шағын ел болғанымен, баламалы қуат көздеріне аса бай. Бүтін ел тұтынатын бар ток көзінің он бес пайызы – жаңартылған таза энергия. Осы көрсеткіштің үлесін алдағы 2 жылдың ішінде тағы бес пайызға арттыру жоспарланып отыр. Сондықтан чехиялықтар Астанадағы халықаралық шара алаңына жаңартылған энергия көздерін паш ететін бірегей ғылыми өнертабыстарын барынша көбірек әкелген. Кешендегі озық технологиялық жаңашылдықтардың мүмкіндіктеріне көрме ашылғалы 200 мыңнан астам адам куә болыпты. Павильон қызметкерлері таза энергия, жасыл құрылыс, телекоммуникация, электр көлігі және экологиялық тұрақты өндірістерге жеке-жеке тоқталып, келушілерге жан-жақты мәлімет беруде.

ЯН КРС, ЧЕХИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ КОМИССАРЫ:

- Мен біздің павильонның қызықты деген экспонаттарымен таныстырып, негізгі тұжырымдамасы жайында әңгіме қозғағым келеді. Жалпы тақырып – «Іске асырудағы тапқырлық». Кіре берісте оң қолдағы макет қоқысты қайта өңдейтін зауытқа ұқсас. Бірақ қызмет аясы әлдеқайда кең. Ол тұрмыстық қалдықтардан биоотынның үш түрін, яғни қатты, сүйық, және бу қалпында шығара алады. Бір зауыттан түрлі салаға қажетті отын өндіруге болады. Кешен қоршаған ортаның экологиялық тазалығын сақтауда таптырмас көмекшіге айналды.

- Жоғарыға көз салсаңыз, павильонның қақ ортасында электр тоғын пайдалана отырып ұшатын әлемдегі ең жылдам екі адамдық ұшақты көруге болады. Ол сағатына 260 шақырымға дейін жылдамдық ала алады. Қуаттау мәселесіне тоқталсақ, 220 вольттық ұяшықтан 8 сағатта бүкіл батареялар толық энергия жинап алады. Чех инженерлері құрастырған шағын әуе көлігіне бұл қуат бір сағат бойы көкте қалықтауға мүмкіндік береді.

- Оның оң жағында көпшілікті таңқалдырған қанатты велосипед ілініп тұр. Шамамен 80 кг адамды ол 10 минутқа дейін 7-8 метрлік биіктікке көтере алады. Әзірге ол көрмеде жоба күйінде тұр. Қазір чех инженерлері ұшатын шайтанарбаны жетілдіру үстінде. Сондықтан Астанада таныстырылған қанатты велосипедті болашақта күнделікті өмірде көріп қалуымыз ғажап емес. Менің білуімше, бүгінде бұл жобаның әлемде баламасы жоқ.

- Ұшатын велосипедтің жанында қарапайым үлгісі де ұсынылған. Ол да электр қозғалқышпен жүреді. 60 жылдары шыққан велосипеттің жетілдірілген үлгісі. Аккумуляторды екі сағат қуаттасаңыз, 120 шақырым жерді жүріп өтуге болады. Ол толық қуатталғанда сағатына 45 шақырымды артқа тастап, 120 шақырымға дейін тоқтамай жүре алады. Мұндай велосипед әсіресе, қалалықтар үшін өте ыңғайлы, себебі тез жиналады.

- Ал мынау таныстырылым слайдында жаңғыртылған электр станциясының жұмысын көруге болады. Чехияда жылу электр станцияларына қойылатын талап күшті. Бұл – жетілдірілген түрі. Бастысы қоршаған ортаға мүлдем зияны жоқ, қалдықсыз өндіріс. Түтін шығатын мұржасы жоқ. Тек пештің қызуын суытатын салқындатқыш жүйе орналасқан құбыр бар. Бұл өнертабысты Қазақстандада ендіруге болады. Біздің технология мұндағы жылу электр станцияларын дәл осылай жаңғыртуға әбден жарайды.

- Чехия үкіметінің ЕХРО-2017 көрмесіне қатысу мүмкіндігін қалт жібермегеніне аса қуаныштымын. Халықаралық көрменің арқасында жаһандық энергетика секторында кәдеге жарар инновацияларымызды әлемге таныттық. Ұйымдастыру жағына келетін болсақ, көрме жоғары деңгейде өтіп жатыр. Әсіресе нысандардың тамашалауға ыңғайлы етіп айнала салынғаны – табылған ақыл. Миланда өткен көрмемен салыстырсам, Астаналық шара әлдеқайда тартымдырақ. Алаң иелері бұның бәрін жақсылап ойластырып қойыпты. ЕХРО-ға келушілерді Чехия павильонының қонағы болуға шақырамын.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер