ЕХРО сияқты ірі шараларды еріктілерсіз елестету мүмкін емес. Көрме қонақтарын қарсы алып, ақпарат беретін, адасқанға жол сілтейтін осы – еріктілер. ЕХРО волонтерлерінің арасында шетелдіктер көп. Олар бос уақытында қазақ тілін меңгеріп, халқымыздың әдет-ғұрпымен, салт-дәстүрімен танысады. Бірқатары демалыстарын пайдаланып, Қазақстанның көрікті жерлерін аралап, саяхат жасайды.

Пол Галло АҚШ-тың Юта штатынан келген ерікті. Жасы 29-да. Мамандығы суретші болмаса да, елге деген құрметін қылқалам арқылы жеткізуді жөн санап отыр. Бұған дейін 9 жыл бұрын Алматыда болған. Содан бері Қазақстанға бүйрегі бұрып тұрады. Қазақтың мәдениетін, әдебиетін, тілін ерекше құрметтейді. Қазақтармен әңгімелескенді жақсы көреді екен.

ПОЛ ГАЛЛО, ЕРІКТІ /АҚШ/:

- Отбасың бар ма?

- Отбасым бар.

- О, қанша балаларыңыз бар?

- Үш балам бар.

- Үш балаңыз?

- Өзіңізде?

- Менде балаларым жоқ, Құдай маған береді, құдай қаласа. Бір апам бар, Екі інім бар және бір қарындасым бар.

Мұхиттың арғы жағында туып өскенімен, Полдың жаны қазаққа жақын. Демалыста бүркітпен саятшылық жасауды жоспарлап қойған.

Ал 20 жастағы ерікті Мария Конвей АҚШ-тың Огайо штатынан келген. Ол Бурабай өңіріне барып, табиғатына тамсанып қайтқан.

МАРИЯ КОНВЕЙ, ЕРІКТІ /АҚШ/:

- Бурабайдың табиғаты өте әсем. Сүйсініп жүріп араладық. Құрбыларыммен бірге тауға шықтық. Жақсы демалып қайттық.

Айта кетейік, ЕХРО көрмесі ашылғалы АҚШ павильонын 400 мыңнан астам адам келіп көрген. Меймандарды Пол мен Мария сияқты еріктілер қарсы алып, АҚШ-тың жаңартылатын энергия саласындағы жетістіктерімен таныстыруда.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер