EXPO қалашығында Коста-Риканың Ұлттық күні өтті. Табиғаттың қуатын таңдаған елде өндірілетін энергияның 98 пайызы баламалы энергия көздеріне тиесілі. Сондықтан болар, латынамерикалықтар EXPO көрмесіне қызығушылық танытып, осы салада жеткен жетістігімен бөлісуге Астанаға арнайы келді. Ядролық арсеналдан өткен ғасырдың орта тұсында бас тартқан Коста-Рика Республикасы бүгінде Қазақстанның ядролық қарусыздандыру бастамасын қолдап отыр. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1996 жылы орнаған. Қазіргі таңда қос тарап сан салада ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі. Әсіресе, медициналық туризм бойынша байланысты бекемдей түспек.

КРИСТИАН ГИЛЬЕРМЕ ФЕРНАНДЕС, КОСТА-РИКА РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТ БОЙЫНША БАС ДИРЕКТОРЫ: 

- Латын Америкасында «жасыл» энергияның үлесі — 90 пайыз. Мұнда күн және судан қуат алатын әлемдегі ең ірі кәсіпорындар орналасқан. Бұл орайда Коста-Рика да қалыспайды. Біз күн, жел, биомасса, геотермалды және гидро энергияларын өндіреміз. Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметтеріне сүйенсек, 2014 жылы жаңартылатын энергияның үлесі әлем бойынша 22,3 пайызды құрады. Ал, біздің елдегі бұл көрсеткіш 100 пайызға жуықтады.

Ал Куба Республикасының Ұлттық күнін тамашалауға келгендер кубалық өнерпаздардың өнеріне тәнті болды. Делебе қоздырар Куба биінің ырғағына ілеспеген жан қалмады. Концерт барысында көрермендер испан тілінде орындалған әндерді қосыла шырқап, әншілерге жарыса қошемет көрсетті.

АҚЫЛБЕК КАМАЛДИНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Куба мемлекетінің делегациясын Экспо 2017 көрмесі шеңберінде аталып отырған Кубаның ұлттық күнімен, сондай-ақ 26-шілде күні аталып жүрген Ұлттық көтеріліс күнімен шын жүректен құттықтаймын.

ОРЛАНДО ЭРНАНДЕС ГИЛЬЕН, КУБА РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ САУДА ПАЛАТАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ:

- Мен Қазақстан билігіне Экспо шеңберінде көрсеткен қолдауы үшін үлкен алғысымды білдіргім келеді. Орталық Азияда осындай халықаралық көрме өткізген демеушілерге де ризашылығым мол. Қазақстан мен Куба арасындағы қарым-қатынас әлде де нығая түсетініне кәміл сенемін.

Бостандық аралының баламалы қуат көздерінен энергия өндіру көлемі небәрі 4,3 пайызды құрайды. Мемлекет 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 24 пайызға жеткізіп, инвестиция көлемін 3 жарым млрд долларға өсіруді көздейді.

Йордания Корольдігінің ұлттық күні де ерекше тойланды. 330 күн бойы күн шуағын шашып тұратын Йордания 2020 жылға дейін энергетика кешенінің 10 пайызын «жасыл» энергияға көшіруді жоспарлап отыр. Энергетикалық кешен секторының 97 пайыз қажеттілігін импорттап келген Йордания енді «жасыл дәліз» бағдарламасын қолға алды.

ЮСЕФ ӘЛШАВАРБЕН, АММАН ҚАЛАСЫНЫҢ МЭРІ:

- Йордания алдағы 15 жылда баламалы энергия үлесін 25 пайызға жеткізбек. Күн мен жел стансаларын көбірек салып, мұнай-газға тәуелділіктен арылмақпыз.

Йордания 2018 жылы 1000 МВт қуатты баламалы қуат көзінен алмақ. Билік бұл мақсатқа 5 млрд доллар шетелдік инвестиция тартқан. Күн батареяларының бағасы 60-70 пайызға арзандап, жел трубиналарының құны да төмендеген. Йордания көрмеге зәйтүн майы, құрма, өлі теңіз өнімдерін ала келіпті. Экологиялық таза өнімдеріне қоса, павильонда құмнан сурет салу секілді өнермен де халықты тәнті етуде. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер