Астана EXPO-2017 көрмесінің комиссарлары Байқоңыр қаласына барды. Шаһар алып ғарыш айлағының әкімшілік орталығы болып есептеледі. Оның үстіне, ЕХРО көрмесі аясында туристер үшін тартымды әрі танымдық мекен ретінде қызмет етеді.

 

РӘПІЛ ЖОШЫБАЕВ, ЕХРО-2017 КӨРМЕСІНІҢ КОМИССАРЫ:

 - ЕХРО-2017 көрмесінің комиссарлары Байқоңыр ғарыш айлағына арнайы келді. Бұл сапарды «Астана Экспо-2017» ұлттық компаниясы ұйымдастырды. Барлық мемлекет өкілдері Қазақстанды Байқоңыр арқылы таниды. Себебі, олар дәл осы жерден ғарышқа алғаш рет адам ұшқанынан хабардар.

Байқоңырға жыл сайын мыңға тарта саяхатшы келеді. Соңғы екі айдың өзінде, көрсеткіш еселеп ұлғайған. Дәл осы жерде аспан мен жер арасындағы байланыстың қалай орнағаны бүкпесіз көпшілік назарына ұсынылады. Ғарышкерлер музейі – халықаралық көрме комиссарлары аялдаған алғашқы нысан. Америка, Африка, Еуропа, Азия құрлықтарынан жалпы саны 37 елден келген меймандардың бұл алғаш рет ғарыш кеңістігімен кеңірек танысуы. Музейге 10 мыңға жуық көрнекі бұйым қойылған.

 

МГЕР БАДАЛЯН, EXPO-2017 КӨРМЕСІНДЕГІ АРМЕНИЯ ПАВИЛЬОНЫ КОМИССАРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Байқоңырды тамашалау бізге бұйырып тұрған үлкен мүмкіндік. Бұған дейін мұндайды көрген емеспін. Ғарыш саласына ерекше қызығамын. Музейдің ауқымы кең. Және мұнда қойылған жәдігерлер өте құнды деп есептеймін. 

 

ЭНТОНИ ПАХИГИЯН, EXPO-2017 КӨРМЕСІНДЕГІ АҚШ ПАВИЛЬОНЫ КОМИССАРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Байқоңырға келемін деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмейтін. Мұндай мүмкіндікті ұсынған мамандарға алғысым зор. Біздің елде де ғарыш айлағы бар. Бірақ, Байқоңыр тарихта алғашқы әрі ерекше кешен болып есептеледі.

 

ЕХРО комиссарларының Байқоңырға жасаған алғашқы сапары «Союз» кемесінің ұшырылуымен тұспа-тұс келді. Яғни, халықаралық ғарыш станциясына АҚШ, Италия және Ресей азаматтарынан жасақталған экипаж аттанды.

Зымыранның көкке көтерілу сәтін 300-ге тарта турист арнайы алаңнан тамашалады. Олардың арасында, экипаж мүшелерінің жақындары мен отандастары да бар.

 

РОМАС ЯНКАУСКАС, EXPO-2017 КӨРМЕСІНДЕГІ ЛИТВА ПАВИЛЬОНЫНЫҢ КОМИССАРЫ:

 - Бұл сапарымызға дән ризамыз. Туристерді осы жерге әкеліп, арнайы таныстыру өте жақсы бастама деп ойлаймын. Алдағы уақытта мұнда тағы  келуге тырысатын боламын.

 

МАТИН АБДУЛ, EXPO-2017 КӨРМЕСІНДЕГІ БАНГЛАДЕШ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ КОМИССАРЫ:

 - Зымыранның ұшқан сәті ерекше әсер қалдырды. Енді бұл оқиғаны жақындарыма және достарыма жиі айтып жүремін. 

 

Жалпы Байқоңыр қаласына барып, ғарыш айлағын аралап және зымырандардың көкке көтерілу сәтін тамашалау мүмкіндігі мол. Қазір саяхатшыларға арналған рұқсат қағаз 10 күнде берілетін болды. Ол үшін кез келген шетелдік немесе қазақстандық азамат өз өтінішін туристік агенттіктерге жолдауы керек. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер