Астанадағы ЕХРО көрмесі 174 гектар аумақты алып жатыр. Оның 25 гектарында 115 елдің павильоны орналасқан. Одан өзге, амфитеатр, Ұлттық бульвар, балалардың ойын алаңы, жедел жәрдем, полиция бекеттері сияқты маңызды нысандар жетерлік. Көрме қонақтарына ақпарат беріп, жол сілтеу, өзге де көмек беру мақсатында бір уақытта 4500 ерікті жұмыс істейді. Сол волонтерлердің арасында көпшілікке танымал болып үлгергендері де бар. Мысалы, Төле, Қазыбек және Әйтеке есімді үшем. Осыдан 19 жыл бұрын оларға Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі есім берген екен. Кубада оқуын аяқтасымен, елде болып жатқан үлкен шараға асыққан.

 

ТӨЛЕ, ҚАЗЫБЕК ЖӘНЕ ӘЙТЕКЕ ТІЛЕГЕН:

 - ЕХРО-2017 көрмесі туралы өткен жылы естіп, тікелей қатысқымыз келді.  Астанаға келген сәтте еріктілердің бос орны бар екенін естідік. Бірден, жұмысқа тұрдық. Бәрі тамаша, ұнап жатыр. Ең бастысы архитектурасы ұнады. Өткен жылы келгенде Экспо салынып жатқан еді, мұндай болады деп ойламадық.

Бұл видео «Хабар» агенттігінің алтын қорында сақтаулы тұр. 1998 жылдың 17-нші қыркүйегінде дүниеге келген үшемдер Тілегеновтер отбасы үшін ғана емес тұтас ел үшін үлкен қуаныш сыйлаған. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы үшемдеріне Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі есім берген еді. Үшем үшке толғанда олардың әкесі, дипломат Исраил Тілеген жұмыс бабымен Алматыдан Лондонға қоныс аударған. Қазір Куба аралында тұратын үшемдер Гавана қаласында мектепті аяқтады.

 

ТӨЛЕ, ҚАЗЫБЕК ЖӘНЕ ӘЙТЕКЕ ТІЛЕГЕН:

 - Кубада жүргенде қайдансыңдар деп сұрағанда Қазақстанан деп жауап береміз. Сонда олар бірден жұдырықтарын көрсетеді. Яғни, олар Қазақстанды біздің боксшыларымыз арқылы таныған. Геннадий Головкинді біледі.

 

Төле, Қазыбек және Әйтеке биыл мектепті тәмамдап, Голландия мен Канаданың жоғары оқу орындарына түсіпті. Төле халықаралық бизнес, Қазыбек – заң, ал Әйтеке компьютерлік бағдарлама бойынша білім алмақ. Бұл үшеу болашақ тағдырларын тек қана Астанамен байланыстырады.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер