Алдағы жылдан бастап «Астана» Халықаралық қаржы орталығы ресми түрде өз қызметіне кіріседі. Ал биылғы қараша айында оның жұмысына қатысты заңнамалардың барлығы дайын болады. Лондонда Қаржы орталығы жанындағы Құқықтық консультативтік кеңестің кезекті отырысы өтті. Бұл –британиялық ірі іскерлік және қаржы орталығы саналатын Лондон Ситидің жетекші сарапшыларынан құралған кеңесші орган. Кеңестің отырыстары ай сайын өтеді. Негізінен мұнда 1-қаңтарда ресми түрде жұмысын бастайтын Орталықтың заңнамасына басты назар аударылады.

 

ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ, «АСТАНА» ХҚО БАСҚАРУШЫСЫ:

 - Бұл – өте маңызды мәселе. Өйткені бұл заң үстемдігі бойынша Мемлекет басшысының жүргізіп жатқан құқықтық реформа саясатының құрамдас бөлігі. 100 нақты қадам және 5 институционалдық реформаға сәйкес, арбитраждық орталық пен қаржы саласында ағылшын құқығы негізінде тәуелсіз сот құрылады. Жалпы айтқанда мемлекеттің, жеке сектордың жаһандық инвестициялық қауымдастықпен қарым-қатынасын реттеуге бағытталған жүйенің негізі қаланады.

Кеңестің жұмысына Baker McKenzie, Hogan Lovells, Norton Rose Fulbright және басқа да тәжірибелі британиялық команиялар тартылған. Олардың әрқайсысы – заңнаманың нақты бөлігіне жауапты және «Астана» халықаралық қаржы орталығының сенімді серіктесі.

 

МАЙКЛ ТОМАС, HOGAN LOVELLS КОМПАНИЯСЫНЫҢ СЕРІКТЕСІ:

 - Хоган Ловеллс» компаниясы алдағы уақытта қолданысқа енетін құқық және сот жүйесін жобалау бойынша үлкен жұмыс атқарды. Жалпы құқықтық шектеулер таңдалып алынды. Бұл жоба барысында екі жылдай тер төктік және нақты ілгерілеу бар екендігіне қуанып отырмыз.

 

Алдағы уақытта орталық тестілеу жұмыстарына кірісіп, өз биржасын іске қосады. Қуанарлығы Шанхай және Nasdaq (НаздАк) сияқты ірі қор биржалары оның дамуына қолдау білдіріп келеді. Дәл осы биржада «Самырұқ-Қазына» ұлттық қорына тиесілі компаниялардың негізгі бөлігі жекешелендіруге шығарылмақ.

 

ЭНДРЮ ОЛДЛАНД, «MICHELMORES» КОМПАНИЯСЫНЫҢ АҒА ӘРІПТЕСІ:

 - Меніңше, Орталықтың басқа халықаралық орталықтардан бір артықшылығы бар. Ол – жекешелендіру бағдарламасы. Ол биржаның бастапқы кезеңдерінде-ақ орталыққа дем береді деп сенемін. Басқа орталықтар мұндай бастамамен мақтана алмады.

 

«Астана» халықаралық қаржы орталығы ЕХРО-2017 көрмесінің аумағында орналасып, заманауи инфрақұрылымдар мен озық технологияларды пайдаланатын болады. Орталық Қазақстан қаржы инфрақұрылымының жүрегіне, ал болашақта Орта Азияның қаржы хабына айналады деген сенім бар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер