Оңтүстікқазақстандық ғалымдар тарихтың жаңа парағын ашты. Көне Күлтөбедегі археологиялық қазба жұмыстары кезінде ежелгі Кушан патшалығынан қалған монета табылған. Бұған қоса, археологтар бағзы заман жазуы бар керамика сынығын қазып алыпты. Ол шамамен бірінші ғасыр мен біздің заманымызға дейінгі бірінші ғасыр аралығынан қалған жәдігер болуы мүмкін. Астық сақтайтын ыдыс табылды. Ол да сол дәуірден қалса керек. Ғалымдардың айтуынша, бұл – тарих үшін өте құнды заттар. Құмырадан сарматтардың белгісін де байқауға болады. Құнды жәдігерлер мұқият зерттелген соң, музейге тапсырылады.

 

АЛЕКСАНДР ПОДУШКИН, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ОҚМПИ ПРОФЕССОРЫ:

 - Қазақстанның ежелгі тарихын қайта жасау үшін бұл жәдігерлер өте қажет. Сұрақтар туындайтын тұстарды айқындау, нақтылау үшін осы заттардың маңызы зор.

 

Ал Шығыс Қазақстанда қорғандарды жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Таяуда Катонқарағайдағы екінші саркофаг құрылысы аяқталмақ. Аспан астындағы музейдің бой көтеруіне қазынадан 90 млн теңге бөлінген. Қазір өңірде мінәжат орындары картасын жасақтау қолға алынды. Оған Берел жазығы да енді. Бүгінде мұндағы бесінші обада археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған қазба жұмыстары тың жәдігерлердің табылуына негіз болары сөзсіз. Тарихтың жаңа парақтарын ашуға студенттер де үлес қосып жатыр.

 

ЕРБОЛАТ СҰҢҒАТ, СТУДЕНТ:

 - Биыл үшінші жыл болды келгеніме. Маған осы жұмыс ұнайды. Былай қарасақ, жұмыс қиын секілді. Тас тасу, күрек ұстау деген. Бірақ оның аяғында ең күштісі бар, ол сүйек тазалау. Ол үшін шыдамдылық керек. Ол маған ұнайды. Болашақта археолог боламын деген ойым бар.

 

Қорғандар орналасқан бағытта туристік сапарлар ұйымдастыру көзделген. Бұл үшін мәдени мұра нысандарының виртуалды картасы іске қосылады. Қазақстан аумағындағы 200 мыңнан аса тарихи ескерткіштің орналасқан орындарының нақты координаттарын картографтар алдағы екі жылда толықтай құрастырып шығармақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер