EXPO-2017 көрмесі Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасын одан әрі нығайтып екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті жаңа белеске көтерді. Жаһан жұртшылығы үшін, маңызды шара қазақстандық компаниялардың Қытайда жасалған ең соңғы технологиялармен танысып, жаңа іскерлік серіктестер табуына сеп болды. Бейжіңде кәсібін баламалы қуат көздері арқылы дамытып отырған компания президентінің орынбасары осылай дейді.

 

ХЫ ТЯНЮЭ, ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ КОМПАНИЯ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазіргі теxнология мүмкіндіктеріне сүйеніп, толықтай дәстүрлі энергетика көздерін алмастыра алмаймыз. Алайда біз барынша баламалы қуатты өндіріп, біртіндеп болсын көшуіміз керек. Осылайша қоршаған ортаға бөлңнетін зиянды қалдықтардың үлесін азайта аламыз. ЕХРО-2017 әлемнің жасыл энергияға деген көзқарасының өзгеруіне, оның өркендеуіне үлес қосатынына сенемін.

Ал Елордадағы EXPO-ны тамашалауға келген британдық бизнесмендер көрмеден алған әсерлерімен бөлісіп жатыр. Олар құлашын кеңге жайған ауқымды шара Қазақстанның зор әлеуетін әлемге танытып жатқанына сенімді.

 

АБЗАЛ АМИН, БИЗНЕСМЕН:

 - Мен Астанадағы ЭКСПО-дан өте ерекше әсер алдым. Павильондар керемет. Әсіресе, мені ЭКСПО орталығында орналасқан Қазақстанның зор әлеуетін танытатын сфера таң қалдырды. 100-ден астам елді тартқан шара сіздердің елдеріңіздің әлемдегі ірі ойыншылардың бірі екендігін көрсетіп отыр. Ол сондай-ақ Қазақстан президентінің тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде ел дамуына – экономикалық тұрғыда болсын, саяси тұрғыда болсын өлшеусіз үлес қосқандығын айқындайды. Бірнеше павильон ерекше әсер қалдырды. Әсіресе, АҚШ-тың шығармашылық әрқилылығын танытатын көрмесін ерекше деп айтар едім.

Энергетикадағы үздік жетістіктер. Нарықта жоқ өнертабыстар. Түрлі тәжірибелер. Астанадағы EXPO әрбір көрермен үшін қызықты болмақ. Бұл туралы көрмені тамашалап көрген италиялық тілшілер жарыса жазып жатыр. СимОне КантарИни Римнің «АдженцИя Нова» ақпарат агенттігінде, ал Джозетта Чуффа «СпЭккьо эконОмико» журналында қызмет етеді. Қос әріптес өзгелерге EXPO қалашығын көріп қайтуға кеңес береді.

 

СИМОНЕ КАНТАРИНИ, AGENZIA NOVA АҚПАРАТТЫҚ АГЕНТТІГІНІҢ ТІЛШІСІ:

 - Бізді «Нұр Әлем» сферасы ерекше қызықтырды. EXPO қалашығындағы ұлттық павильонда елдің энергетика тарихы мен оның болашағы туралы тақырыптар қамтылған. Күн, жел және биомасса баламалы қуат көздерін қолдану арқылы мұнай экспорттаушы Қазақстан жаңармалы энергия мен жасыл экономика саласында алдыңғы қатарлы елге айналады.

 

ДЖОЗЕТТА ЧУФФА, SPECCHIO ECONOMICO ЖУРНАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Әлбетте, алған әсерім ерекше. Қазақстан павильоны көз тартады. Көрмеге келушілерге қолжетімді және ұсынған концепциялары түсінікті. Бұл Қазақстан туралы мол ақпарат алғысы келген әрбір азамат үшін қайталанбас мүмкіндік. Сондықтан осы Экспоны тамашалау үшін Астанаға міндетті түрде барып келуге кеңес беремін.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер