Сан ғасырдың құпиясын қойнына қысып, қалғып жатқан қорғандар Орал өңірінде аз емес. Солардың бірі Теректі ауданындағы Тақсай кешені. 2012 жылы осы жерден «Алтын ханшайым» табылған болатын. Содан бері мұнда археологиялық жұмыстар белсенді жүріп жатыр. Диаметрі 44 метрлік мына оба – кешендегі зерттеуге іліккен үшінші нысан. Айналасынан жылқы сүйектері табылған. Ортасы қызыл саздан күйдірілген. Соған қарап мамандар мұның біздің дәуірімізге дейінгі сарматтар мәдениетіне қатысты екенін болжайды.   

 

ЯНА ЛҰҚПАНОВА, АРХЕОЛОГ:

 - Қай жылы, қай заманның обасы десек, ерте темір дәуірінің обасы. Қай ғасырға келетінін жерленген жерін ашқанда сонда айтып береміз. Тарих үшін үміттенеміз, тоналмаған оба деп.

Тарихқа «Тақсай ханшайымы» деген атпен енген «Алтын адам» осы жердегі бірінші обадан табылған. Оның ғылымға әкелген жаңалығы өлшеусіз. Ерте дәуірдегі көшпелілер өркениетінің жетістігін паш етумен қатар, Еуразия құрлығындағы халықтар көші-қонының шығыстан батысқа жүргенін көрсетті.

 

МҰРАТ СЫДЫҚОВ, БҚО ТАРИХ ЖӘНЕ АРХЕОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Сармат мәдениеті, оған дейінгі савроматтар, бәрі шығыстан келген. Мысалы осыннан шыққан «Алтын ханшайым» біздің дәуірге дейінгі 6 ғасырдан болса, Орынборда Ресей ғалымдары тапқан осындай жәдігер 4 ғасырға тиесілі. Яғни ежелгі нұсқасы біздің жерімізден табылуы  соның көрінісі.

Соңғы 15 жылда Жайық, Жалпақтал, Сарыөзен секілді орта ғасырлық көне қалалар мен керуен сарайлардың орны табылған. Жібек жолы бойында орналасқан шаһарлар тізбегі – батыста қала мәдениеті, сауда мен қолөнер дамығанын дәлелдейді.

 

МҰРАТ СЫДЫҚОВ, БҚО ТАРИХ ЖӘНЕ АРХЕОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ресей археологиясында осы көзқарас қабылданды. Батыс Қазақстанда орта ғасырда халық аз қоныстанған, көшпелілер ғана өмір сүрген деген бұрынғы тұжырым жаңсақ. Бұл жермен Сібірге қарай Жібек жолының бір тармағы өткен. Алтын Орданың алғашқы астанасы болған Болгар қаласымен байланыстырған.

 

Дәл қазір өңір ғалымдары Рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша мәдени-тарихи ескерткіштерді зерделеп, өз ұсыныстарын әзірлеуде. Киелі орындардың картасын жасауда нені таразы басына тартамыз? Ол мұралардың сакральды сипатын қалай анықтаймыз? Мамандар бұл мәселеде асығыстыққа ұрынбай, байыппен қарауымыз керек, - дейді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер