Венада Австриядағы Қазақстан елшілігі жобасының 15-концерті өтті. Мәдени шара қос мемлекеттің дипломатиялық қарым-қатынастарының 25 жылдығына арнап ұйымдастырылды. Халықаралық байқаулардың лауреаттары Лейла және Аида Ахметовалар салтанатты шараның басты кейіпкерлері болды. Венаның музыка және өнер университетінің студенттері бұған дейін АҚШ, Италия, Германия сынды елдердің үлкен сахнасына шыққан. Олар бұл жолы да көрермен көзайымына айналды.

 

ВАЛЬТЕР ГЁТЦ, КӨРЕРМЕН:

 - Вена әлемдік музыканың астанасы. Мұнда дарынды жастар өз шығармашылығын шыңдай алады. Біз де олардың қойылымдарын тамашалауға асықпыз. Сахнада өнер көрсеткен қазақстандық әртістер классика мен джазды әдемі үйлестіріп , қазақстандық сазгердің туындысын орындады. Маған  қатты ұнады.

Жас музыканттар сахна төрінде отандық композитор Әліби Әбдінұровтың шығармасының тұсауын кесті. Таңдай қаға тамсанған өнерсүйер қауым жұп болсын десіп, қайта орындауды сұрады.

 

ЛЕЙЛА АХМЕТОВА, СКРИПКАШЫ:

 - Композиция «Қазақстан» деп аталады. Ол туған жерімізге арнап жазылған. Біз ұлттық нақыштағы әуенді заманауи үлгіде орындадық. Музыкант ретінде мұндай тәжірибені қолдаймын. Шетелдік аудитория алдында отандық музыканы ойнау мен үшін үлкен мақтаныш. Қазақ өнерін бүкіл әлемге насихаттауға дайынбыз.

Қазақстан мен Австрия арасында тек мәдени байланыс қана емес, дипломатиялық қарым-қатынас та кезеңімен дамып келеді. Австрия Қазақстанның тәуелсіздігін ең алғаш болып мойындаған елдер қатарында. Жергілікті халық Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саяси бастамаларын жоғары бағалап отыр. Қазір тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту жолында. 

 

ҚАЙРАТ САРЫБАЙ, ҚР АВСТРИЯДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Соңғы жылдары сауда айналымының қарқыны жоғарылады. Біздің елдің экономикасына құйып жатқан инвестиция көлемі де артып жатыр. Қазір бұл сома шамамен 250 миллион еуроны құрайды. Ал, Қазақстан Еуропа мемлекетіне құны 1 миллиард долларға тең тауар экспорттайды. Шикізат та тасымалдаймыз.

Австриялық кәсіпкерлер де бизнес саласындағы екі жақты ынтымақтастықты нығайтуға ниетті.

 

РИЧАРД ШЕНЦ, АВСТРИЯНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ПАЛАТАСЫ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Қазақстанның экономикасы тұрақты. Яғни бизнес орта бар. Бұл біздің кәсіпкерлерді қызықтырады. Сіздердің елдеріңіздегі бейбітшілік пен келісімнің үйлесуі үлгі тұтарлық жәйт.

 

Австрияның баламалы энергия көздерін дамытудағы жетістіктері мол. Бүгінгі таңда шетелдіктер өзінің жасыл технологияларды меңгеру тәжірибесімен бөлісуге дайын.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер