«Бабалар ізімен» экспедициясы Францияда! Экспедиция мүшелері әуелі қайраткер Мұстафа Шоқайдың 20 жылға жуық өмірі өткен Париж маңындағы қалаға арнайы ат басын бұрды. Қайраткердің мұнда жиырма жылға жуық уақыты өтті. Париж маңындағы Ножан Сур Марн қаласында Мұстафа атындағы кішігірім аллея мен оның ескерткіші бар. Дәл осы үйдің екінші қабатында қазақтың аяулы перзенті өмір сүрген екен. Мұстафаның жары Мария Шоқай осы қаланың үлкен қорымында жерленген. Осы жерде аллея ашуға рұқсат берген шаһар мэрі Джакус Мартин болатын. Алыстан ат арылтып жеткен экспедицияны құшағын ашып қуана қарсы алды. Жақында, ЕХРО көрмесіне келетінін де жеткізді. Ата салтымен «Бабалар ізімен» экспедициясы екі елдің достығының белгісі ретінде шапан жапты.

 

ДЖАКУС МАРТИН, НОЖАН СУР МАРН ҚАЛАСЫНЫҢ МЭРІ:

 - Мұстафа Шоқай Франция халқы үшін демократия, бостандық үшін күрескен үлкен қайраткер. Мұнда оның өміріндегі ең маңызды жылдар өтті. Францияны екінші елі санады. Осында орнатылған  ескерткіштің арқасында көптеген француз қазақтың арысымен күн сайын көшеде өтіп бара жатып танысады. Біз әрдайым Қазақстанның бастамаларын қолдауға, тарихи, әдеби, мәдени тұрғыдан бірігіп жұмыс істеуге дайынбыз.

Ал мынау Парижден 200 шақырым жердегі Лашеп ауылы. Орталықта Аттиланың құрметіне арнайы ескерткіш қойылған. Қазақ жерінен шыққан, Азияны дүр сілкіндірген ғұн патшасы Аттиланың осы жерде 451 жылы Рим империясымен жан алысып, жан беріскен атақты Каталаун шайқасы болды. Аттила сол кезде салған қорған шөккенмен, орны сақталған. Еуропа тарихын өзгерткен соғыс алаңын көруге келушілер көп. «Бабалар ізімен» экспедициясының жетекшісі Сапар Ысқақовтың айтуынша, Аттила біздің арғы бабамыз. Сондықтан, оған қатысты тарихты бүгінгі жастарға кеңінен насихаттау керек.

 

САПАР ЫСҚАҚОВ, «БАБАЛАР ІЗІМЕН» ЭКСПЕДИЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Мынау тұрған жеріміз барлық қазақ халқына қасиетті жер деп айтуға болады. Өйткені, біз ғұндарды, оның ішінде Аттиланы бабамыз деп есептейміз. Өйткені, ғұндар шығыстан шыққан халықтар. 1150 Авторитетін айтатын болсақ, Аттиланың атағы үлкен болып шықты. Оны «Құдайдың қаһары» деп атады Еуропаның халықтары.

 

Париждегі әйгілі Лувр мұражайында да біздің бабаларымыздың ізі сайрап жатыр. Мәселен, Ислам залындағы жәдігерлердің арасында қыпшақ мәмлүктерінен шыққан, Мысырды басқарған Хасан сұлтанның қолданған заттары сақталған. Сонымен қатар, мәмлүк сұлтан Барысбейдің дулығасын көруге болады. «Бабалар ізімен» экспедициясы бүгінге дейін табылған, анықталған құнды мәліметтер мен жәдігердерді алдағы уақытта тыңғылықты түрде зерттеуді жоспарлап отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер