Сирияаралық келіссөздер оң нәтижесін бере бастады. Сарапшылардың пікірінше, Женевадағы 7-раунд сәтті өтті. БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы елшісі атап өткендей, техникалық сарапшылар пікірталасында оң шешімдер байқалады. Айтуынша олар оппозицияны ендірудің негізін даярлап жатыр. Сонымен қатар, Стаффан де Мистура Астана процесі Женевадағы келіссөздердің оңынан шешілуіне қаланған іргетас деп тағы да атап өтті.

Астана процесінің Сирия дағдарысын реттеудегі маңызы өте зор екенін өзге сарапшылар да айтуда. «Өйткені оның қорытындысы бойынша бір мемлекеттің ғана емес, Таяу шығыстың келешегі айқындалады»,-дейді Еуразия стратегиялық зерттеу орталығының терроризм жөніндегі сарапшысы Ерай Гучлуер. Ол Түркия қарулы күштерінің запастағы офицері. Ирактың солтүстігіндегі ахуал жайлы жазылған «Башиканың паролі», «Терроризмнің экономикалық парадоксы» атты еңбектердің авторы. Ол экономикалық дамудың алғышарты бейбіт өмір мен саяси тұрақтылық екенін алға тартып, террорлық қауіп-қатерлерге дер кезінде тосқауыл қою керек» деген ой түйіндейді.

 

ЕРАЙ ГУЧЛУЕР, ЕУРАЗИЯ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТЕРРОРИЗМ ЖӨНІНДЕГІ САРАПШЫСЫ:

 - Сириядағы шиеленісті шешу жолында Астана өте маңызды диалог алаңына айналды. Мысалы Астана процесінің алғашқы отырысында келіссөзге кепілгер елдер Түркия, Иран мен Ресейдің күш салуымен оқ атпау жөнінде маңызды шешім қабылданды. Одан кейін қақтығыстарды тежеу аймақтарын құру бойынша келісім жасалды. Бұл бастаманы да өте өзекті деп бағалаймын.

Шам еліндегі бассыздықта этникалық топтар да ұрыс алаңынан орын алған. Әрқайсы өз аймағын қорғап бағуда. Атап айтқанда Сирия түрікмендері елдің ең ірі қалалары Халеп, Хомс, Раккада шоғырланған. Сәйкесінше, олар оқ пен оттың бел ортасында қалып қойған. Астана процесінің алғашқы отырысына қатысқан Сирия түрікмендері мәжілісінің бұрынғы төрағасы Абдуррахман Мұстафа келіссөздер нәтижелі аяқталарына үміті зор. Өйткені «Астана- қақтығысқа қатысушы тараптардың басын қосып, өзара ымыраға шақырып отыр» дейді ол.

 

АБДУРАХМАН МҰСТАФА, СИРИЯ ТҮРКМЕНДЕРІ МӘЖІЛІСІНІҢ БҰРЫНҒЫ ТӨРАҒАСЫ:

 - Қарулы қақтығыс аяқталып, шетелде босып жүрген сириялықтардың үйлеріне қайта оралуына мүмкіндік жасауымыз қажет. Мен де босқынмын. Соғыстан қашып, қазір Түркияны паналап отыруға мәжбүрмін. Сондықтан жағдай реттеле салысымен біз өз елімізге қайтуға асығудамыз. Ал Сирия дағдарысы тек саяси жолмен шешімін табуы тиіс. Өкінішке орай, бүгінде Шам елінің тағдыры жергілікті тұрғындардың емес, халықаралық ойыншылардың қолында. Сол себепті Астана процесінің қорытындысы қарапайым сириялықтардың келешегін айқындап береді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер