Атырау тарихи-өлкетану музейі үшін биылғы жыл табысты басталды. Қызылқоға ауданында жасалған археологиялық қазба жұмыстары кезінде экспедиция көне сармат қорғанын ашып, көптеген құнды жәдігерлер тапты. Өте шеберлікті талап ететін алуан түрлі алтын бұйымдар, сол дәуірдегі сарматтар мәдениеті мен қолөнерінің айғағы.Ол бұйымдар Каспий маңы ойпатында біздің дәуірімізге дейінгі 2-ғасырда өмір сүрген сарматтар тайпасының жоғарғы мәдениеті мен дамыған қолөнерінен сыр шертеді.

 

АЙБЕК ТҰРАРҰЛЫ, АТЫРАУ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ҚОР САҚТАУШЫСЫ:

 - Миялы қорғанынан табылған қазан бұл көшпенділердің атақты аң стилі дәстүрінде жасалған. Мұндағы тұтқада жылқы бейнесі сондай-ақ, киік тұқымдастар бейнесінде жасалған. бұл-сол кездегі ұсталық өнердің жоғарғы дәрежеде болғанын байқатады.

Көне қорғаннан табылған өзге жәдігерлер де ғалымдардың назарын аударуға тұрарлық. Мысалы мына жебе толы қорамса жаугершілік заманның куәсі ғана емес, темірден түйін түйе білген сол заман ұсталарының тума өнерінің айғағы.

 

РАШИДА ХАРИПОВА, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Әр жәдігер табылған сайын музейдің қорының байи түсетіні анық. Соның ішінде осы қазбадан табылған аса құнды жәдігер деп айтсақ та болады: мына жебе ұштары салынған қорамсаның өзінің қайың ағашынан жасалғандығы және оның ұштарының барлығының жақсы қалыпта сақталғаны Біреуінің қоладан жасалса, екіншісінің темірден жасалғаны анықталып отыр.

 

Тағы бір назар аударарлығы қорамса мен жебелер сармат әйелі жерленген қорымнан шықты. Бұл - заманында ерлермен қатар садақ тартып, саятшылық пен соғысты өткерген әйелдердің өз қоғамындағы ролін анықтайтын фактор. Осындай тарихи жәдігерлер табылған сайын, мыңдаған жылдар бұрын Каспий маңын мекендеген тайпалардың тұрмыс-тіршілігі туралы мағұлмат молая түсетіні анық. Бүгінде Атырау облысы бойынша қазба жұмыстары жалғасын табуда. «Жалпы мұнайлы өңірде зерттеуді қажет ететін әлі де 100-ге тарта көне қорым бар»,-дейді мамандар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер