Ақтөбе облысының 85 жылдығына орай өңірде Жұбановтар үйі ашылуы мүмкін. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында осындай бастама көтерілді. Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздар Құдайберген, Ахмет және Ғазизадан бөлек бұл отбасыда ондаған ғалым дүниеге келген.

 

МӘЛІК ЖЕТПІСБАЙ, ЖАҢАТҰРМЫС НЕГІЗГІ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қара тастан қаланған ол үлкен Жұбанов әулетінің қорымы. Мұнда Қуан атамыз, Жұбан атамыз, қарындастары, осы Жұбанов әулеті жатыр. 1919-жылы Құдайберген атамыздың қолымен қойылған құлпытас та бар.

 

Жаңатұрмыс ауылының тұрғындары Жұбановтар жүріп өткен жерлерді жатқа біледі. Оның өз қолымен қазылған құдығы әлі күнге ел игілігіне жарап тұр. Айтуларынша Қызылжар мен Ақжар, Жаңатұрмыста қыстауға қонып, жаз жайлауға жайғасқан .Сол кезеңде Қуан Жұбанов мектеп ашып, ауыл балаларын оқытқан. Жастарды жинап, өнерге баулыған.

 

ЕЛУБАЙ СӘМЕТОВ, ЖАҢАТҰРМЫС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Ана қырға шығып балалар музыка қойып, театр билеп, сүйтетін еді. осында өніп-өсті, оқымаған балаларды оқытты.

Ембі қаласында ағайынды Жұбановтардың мемориалдық-музей кешені орналасқан. Мұнда Ғазиза Жұбанованың кестелеп тіккен көйлегі, Құдайберген Қуанұлының қолжазбалары мен Ахмет Қуанұлының жеке заттарын көруге болады.

 

ҰЛБОЛСЫН МҰХАМБЕТОВА, АҒАЙЫНДЫ ЖҰБАНОВТАР МЕМОРИАЛДЫҚ МУЗЕЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ахмет Жұбановтың өзі кезінде киген концерттік фрагі. Музейіміздің көркі, өскелең ұрпаққа ауыз толтырып айтатын тарихы бар жәдігер.

Құдайберген Жұбановтың немересі Ардақ Есетқызы да өскелең ұрпақты ұлттық құндылықтармен ұштастыра тәрбиелеуге баса мән береді. Бүгінде ол филология саласының маманы. Атасының еңбектерін зерттеуді жалғастырып,  құнды мұраны көпшілікке дәріптеуді перзенттік парызы санайды.  

 

АРДАҚ ЖҰБАНОВА, Қ. ЖҰБАНОВТЫҢ НЕМЕРЕСІ:

 - Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы дер кезінде айтылған мәселе. Себебі бүгінгі күні ауадай қажет болып тұр. Қоғамның санасын жаңғыртуды қазірден қолға алу керектігімен келісеміз.

Жазушы Әбіш Кекілбаев Жұбановтар отбасын шағын академияға теңеген. Ардақ Жұбанова бұл феноменнің сыры білімге деген құштарлық пен қажырлы еңбекте дейді. Ал, саяси қуғын сүргін жылдары жазықсыз жала жабылған әкесінің ақылды, дарындылығын дәлелдеу үшін ұрпақтары көп жұмыс жасаған. Жаңатұрмыс тұрғындары Жұбановтардың ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан талантына негізгі бастау болған сол туған жердің қасиетті топырағы дейді.

 

ҚҰДАЙБЕРГЕН БЕЙСЕН, ЖАҢАТҰРМЫС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Осы жердегі бір жерді, осы үйдің орнындай жерде қасиетті топырақ бар. Сол топырақты басатын болса болашақта ол үлкен халыққа, елге танымал адам болып шығуы керек көрінеді.

Жұбановтарды айтпағанда белгілі композитор Бейбіт Оралұлы да осы ауылдан шыққан. Бүгінгі күні жасындай жарқырап, дүниені таңқалдырып жүрген Димаш Құдайбергеннің де туған жері Мұғалжар ауданы. Сондықтан халық айтса, қалт айтпайды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер