Елордада өтіп жатқан көрме қонақтары кең байтақ Қазақстан туралы түсініктерін толықтырып, қазақ халқының төл мәдениеті мен тарихы, салт-дәстүрі туралы тың мағұлмат алды. Мәселен, бірқатар турист Атырау тарихи өлкетану музейінде болды. Америкалық Майкл Аленнің Атырауға деген қызығушылығы ерекше. «Банджо» аспабын жетік меңгерген музыкант және өлкетанушы журналист ретінде ол өзі болған жерлерде халықтық саз аспаптары мен тарихына жете мән береді. Астанада өтіп жатқан дүниежүзілік көрме туралы да әсерімен бөлісті..

 

МАЙКЛ АЛЕН, ТУРИСТ /АҚШ/:

 - Мен көрмеде 4 шілде күні болдым. Бұл күн Американың ұлттық мерекесіне тұспа-тұс келді. Мұнда жергілікті және америкалық өнерпаздар концерт берді. Бұл өте есте қалардлықтай сәт еді. Мен тұңғыш рет қобыз бен домбыраның сазын тыңдадым. Жалпы, мен жұмыс істеп жатқан Атырау өңірі күй мектебінің бесігі саналады. Және  белгілі жырау Қашағанның туған Отаны.

Роба Ван Звайнтерн Нидерланд корольдігінің азаматы. Голландық туристі Қазақстанның қайталанбас ғажайып табиғаты қызықтыратын сыңайлы.

 

РОБ ВАН ЗВАЙТЕРН, ТУРИСТ /НИДЕРЛАНДЫ/:

 - Бұрын мен Қазақстанды тұрмысқа қолайсыз, құм басқан ел деп ойлаған едім. Ал бүгін ЭКСПО көрмесі арқылы оның таңғажайып табиғатының куәсі болып отырмын. Шынында да алуан түрлі жануарлар әлемі мен табиғи үйлесім мені таңқалдырды. Мұны түсіну үшін тек көзбен көру керек секілді.

Қазақстан ғажайыптарын терең түйсінген тағы бір турист-ресейлік Алексей Пластинкин. ЭКСПО-дан ерекше әсер алған жиһанкез Қазақстан туралы түсінігінің жаңа деректермен толыққанын мойындайды.

 

АЛЕКСЕЙ ПЛАСТИНКИН, ТУРИСТ /РЕСЕЙ/:

 - Мені Қазақстанның бай тарихы таң қалдырды. Мүмкін, мен әзірге оның аз ғана бөлігін тамашалаған шығармын. Сондықтан, осы бай өлкені тағы да асықпай араласам деймін. Соның ішінде Түркістанда болу - басты арманым.

Меймандар енді ЭКСПО-ға арналған арнайы жоспар арқылы мұнайлы өңірді аралап көрмек.Сапар барысында олар«Ақжайық» табиғи қорығы, 12-15 ғасырдағы батыстағы бас қала, қазақ хандығының алғашқы астанасы «Хан Ордалы Сарайшық» қаласының орындарын аралайды.

Көрмені тамашалауға келген Нидерландтық келесі саяхатшылар Сыр өңіріне ат басын бұрды. Еуропалық делегацияны Голландияның тұңғыш ғарышкері Андре Кейперс бастап келді. Туристер туған өлкеміздің бай тарихы мен салт-дәстүріне ерекше қызығушылық танытты. Голландиялық ғарышкер Андре Кейперс үшін Қармақшы – қасиет қонған өлке. Ол 2004 жылы Байқоңырдан ғарышқа ұшқан Нидерланд елі тарихындағы тұңғыш ғарышкер атанды. Одан кейін араға 7 жыл салып ғарыш кеңістігінде 203 тәулік, 15 сағат уақыт болып аспан әлеміндегі ең ұзақ зерттеулердің біріне қатысқан маман ретінде тіркелді. Байқоңырды аралап келген меймандар Қорқыт ата кешеніндегі этно-ауылға да соқты. Күмбірлете күй төгілтіп, атырапты әуезді әнге бөлеген өнерпаздардың өнеріне тәнтті болды. Жалпы этноауыл ашылғалы бері мұнда тоғыз елден 1 мың 300-ге жуық турист келген.

 

АНДРЕ КЕЙПЕРС, ҒАРЫШКЕР /ГОЛЛАНДИЯ/:

 - Мен үшін бұл жер ерекше ыстық. Өйткені менің айға аттанған сапарым осы Байқоңырдан басталды. Ұшырылымға келгенде ауылдарды аралай алмайтынымыз белгілі. Ал бұл жолы мен Қазақстанға арнайы келдім. Сіздердің ЭКСПО көрмесін өткізулеріңіздің өзі үлкен мәртебе. Және оны жоғары деңгейде атқарып жатырсыздар. Бүгінде ерекше әсер алдым. Қазақтың тарихы өте бай екен. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер