Жапониялық ЕХРО-әжей Астанадағы көрмені аралады. Әлем елдерінде өткізілген барлық ЕХРО көрмелеріне баруды 1970-ші жылдан бастап әдетке айналдырған 80 жастағы кейуана 11 павильонды аралап, арасынан Қазақстанның «Нұр әлем» кешенін ерекше атап өтті. Томио Ямадаға  осында қамтылған «жасыл энергетика» тақырыбына қатысты жобалар ұнаған.

 

ТОМИО ЯМАДА, ЕХРО-ӘЖЕ /ЖАПОНИЯ/:

 - Қазақстан павильонында адамзаттың өмірін түбегейлі өзгертетін дүниелер баршылық. Мен бұл жерден ерекше әсер алып қайттым. Екі жыл бұрын Миландағы ЕХРО-ға барған кезде, қазақтың ұлттық биін тамашалап, дәстүріне қызықтым. Содан Астана ЕХРО-2017 көрмесіне келгім келді. Жалпы мені халықтың қонақжайлығы қайран қалдырып отыр.

ЕХРО-2017 көрмесін өз көзімен көрген алғашқы америкалық туристер болса отанына орала бастады. АҚШ делегациясының өкілі, Стратегиялық және халықаралық зерттеу орталығының жобалар жөніндегі директоры алған әсерімен бөлісті.

 

ДАНИЕЛЬ РУНДЕ, СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖОБАЛАР ДИРЕКТОРЫ:

 - Мен Қазақстанның ұлттық павильонында болдым. Ғажап! Баршаға кеңесім, осындай мүмкіндікті жіберіп алмай, Қазақстан, Қытай, Франция мен өзге де елдердің павильондарын көріп қайтыңыздар. Көрмеге көптеген мемлекеттер қатысып отыр. Соңғы 25 жылда еліңіз жеткен жетістіктерін ерекше атап кеткім келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұлт жоспары- бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам сәтті жүзеге асып келеді. Назарбаев Университеті де маған үлкен әсер етті. Бұл озық оқу орны болады. Тағы бір маңызды тұсқа назар аударғым келеді. Қазақстандықтардың көбі үш тілде: қазақша, орысша, ағылшынша сөйлейді. Жаһандану дәуірінде мұның маңызы зор.

 

Бұл күндері Астана айтулы шаралар мен жаһандық жаңалықтардың орталығына айналды. Астанаға сапар шегіп, EXPO-ны көзімен көрген әзірбайжандық публицист алған әсерлерімен бөлісті. «Қазақ елінің арқасында көптеген халық мәдениеті мен салт-дәстүрін паш етуге мүмкіндік алды»,-дейді публицист. Ол Астанада болған уақытта Әзірбайжан авторлары шығарған кітаптардың тұсауы кесілді.

 

АИДА ЭЙВАЗЛЫ, ПУБЛИЦИСТ:

 - Мен Астанада тарихи оқиғаның куәсі болдым. Олай дейтінім EXPO көрмесінде қоршаған ортаны ластанудан сақтаудың мол мүмкіндіктері жария етілді. Осы арқылы әлемді алаңдатып отырған экологиялық мәселелер шешімін табады деген үміттемін. Арқа төріндегі жас қала барша әлемді бейбітшілік пен тазалыққа шақырып тұрғандай. Шаһардың көгалдандыруының өзі келушілерге ерекше әсер беріп тұр. Түрлі архитектуралық мүсіндер, жасыл саябақтары көз тартады. Сонымен қатар, ондағы ел тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін музейлерді де көрдім. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер