Нидерланд туристерінің бір тобы EXPO-2017 халықаралық көрмесіне қатысу үшін Амстердамнан Астанаға ұшып шықты. Олардың арасында белгілі голландиялық ғарышкер Андре Кауперс те бар. Ол әлемге әйгілі Байқоңыр айлағынан екі рет ғарышқа ұшқан.

 

АНДРЕ КАУПЕРС, ҒАРЫШКЕР:

 - Мен Астана мен Байқоңырда ондаған рет болдым. Бірақ ұшуға дайындықтан өтіп жатқандықтан,  еліңіздің басқа жерлеріне баруға қолым тиген жоқ. Бұл жолы керемет әсер алатын түрім бар. Байқоңыр - адамзаттың ғарышты игеру тарихы басталған өте маңызды орын, әлі күнге дейін пайдаланылып жүр. Мен Юрий Гагариннің ізімен осы жерден екі рет ғарышқа ұшқанмын. Бұл адамзаттың арманы ақиқатқа айналатын киелі жер. Қазақстанның болашағы мол, бұны біз Астанаға қарап айта аламыз. Әлемде талай дағадарыс болып жатқан кезде, еліңіз тұрақтылығын сақтап тұр. Қазақстан мен Нидерланд арасында тығыз қарым-қатынас орнаған, осы әріптестігіміз, әсіресе ғарыш  саласында жалғасатынын сенемін.

 

КРИСТИН ВАН ДЕР МЁЛЕ, ГААГА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

 - Мені Қазақстанда өтіп жатқан EXPO өте қызықтырады. Әсіресе көрменің «Болашақ энергиясы» тақырыбы көңілімнен шықты, өйткені Нидерландта біз энергияның жаңа түрлерін табу үшін көп зерттеу жүргіземіз. Көрмеде ғылыми жаңалықтармен танысып, осы білімімді университетіме жеткізгім келеді. Түрлі елдердің павильондарын көріп, Астанадан кейін Қызылорда мен Байқоңырға баруды көздеп отырмың.

Нидерланд туристері Астанадағы халықаралық көрмені аралаумен шектеліп қалмақ емес. Олар еліміздің басқа қалаларына да саяхат жасауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, елдеріне қайтқан соң алған әсерлерімен бөлісуге уәде берді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер