Астана қаласының әуежайы жылына 9 млн-ға дейін жолаушыны қабылдай алады. Бұл маусым айының басында іске қосылған жаңа терминалың арқасында мүмкін болды. Нысан «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске қосылды. Жобаның құны – 80 миллиард теңге. Елорданың ғана емес, еліміздің әуе қақпасының әлеуеті туралы Kazakh TV арнасына әуежайдың басқарма төрағасы Паоло Ричиотти әңгімелеп берді. 

 

ПАОЛО РИЧИОТТИ, «АСТАНА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙУЕЖАЙЫ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

 - «Нұрлы жол» бағдарламасының басты мақсаттарының бірі – Астананы Орталық Азияның көліктік хабына айналдыру. Мен жаңа терминалды айрықша нысан деп айтар едім. Оның автономды болуы – өте маңызды артықшылық. Біз бастапқыда қабылдаған тұжырымдаманы модернизациялап, дизайнын өзгерттік. Нәтижесінде бес қабатты ғимарат салынды, оның астынғы екі қабатының біреуі шын мәнінде жердің үстінде орналасқан. Жаңа терминал – өте күрделі құрылыс. Оның ең жоғарғы деңгейі ішкі рейстерге, ортаңғысы халықаралық ұшуларға арналған. Яғни, ішкі және сыртқы рейстердің жолаушыларын бір уақытта қабылдап, аттандыруға жағдай жасалған. Сондай-ақ, ішкі рейстен халықаралық рейске ауысатын жолаушылар терминал ауыстырып қиналмайды, мұнда бәрі өте қолайлы.

Қауіпсіздік мәселесіне келетін болсақ, ол жоғары деңгейде. Мысалы, саяхатшы және трансферлі жолаушылардың скринингі қарастырылған. Ал төменгі қабаттағы жүктерді тексеруге арналған жүйе жаңа технологиялардың арқасында сағатына 1200 жүкті тексеруге қауқарлы. Багажды, тіпті ол қозғалмай тұрса да, 360 градусқа тексере алатын машинаны елестете аласыз ба? Бұл Еуроодақ-2020 ережелеріне сәйкес келеді. Яғни, осы мәселеде Қазақстан Еуропадан да озып кетті деп айта аламыз.

Жаңа терминалдың дизайнын ойластырғанда, біз оның Қазақстан астанасының сәулетімен үйлескенін қаладық, яғни, сызықтардың қарапайымдылығын сақтап, ұлттық нақыш пен заманауи стильді ұтымды қолдануға мән бердік. Зер салып қарасақ, сіздің елде барлық нәрседе ұлттық элементтердің болғаны маңызды екен. Бізде «Қазақстан рухы» атты дүкендер бар, онда тек Қазақстанда жасалған тауарлар ғана сатылады және оларға баж салығы салынбайды. Біз қаланың әуе айлағында жолаушылар Қазақстанда жүргенін сезіне алатындай жасауға тырыстық. Мысалы, өткеннің және бүгінгі күннің дәстүрлерін сақтай отырып жасалған киіз үй орнаттық. Астананың өзі сондай ғой. Бас шаһарда әлемдік мәдениет, тарих пен бүгінгі күн керемет үйлестірілген.

Әуежай – Астананың бас қақпасы, ЕХРО қонақтарын қарсы алатын басты нысан екені түсінікті. Бірақ 11 қыркүйекте көрме біткен соң оның қызметі жалғаса береді. Маусым айының басынан бері Астана бағытында ұшатын ұшақтар санының күрт артқанын байқадық. Бұл Қазақстан елордасы өзгелер үшін тартымды екенін көрсетеді. «Эйр Астана» компаниясының өзі халықаралық рейстер санын 33%-ға арттырды. Бұған қоса, Finnair, Air China және Polish Airlines компаниялары жаңа рейстер қосты. Яғни, Астана Орталық Азияның орталығына айналып келеді.

Басты мақсатымыз – Астананы Орталық Азияның орталығы ретінде алға жылжыту, Астана арқылы трансферлердің санын арттыру. Халықаралық жолаушылар транзит үшін болсын Астананы таңдауы үшін барлық жағдай жасау. Біздің Лондон сияқты ірі қалалардың трансферлерімен бәсекелеспек ойымыз жоқ. Бірақ ірі қала мен қосалқы қаланы байланыстыратын әуежай ретінде өз орнымызды табамыз деп ойлаймын.

Әрине, әлемде мега-әуежайлар бар. Бірақ қазақстандықтар Астана әуежайын шынымен де мақтан тұта алады. Өйткені оның Орта Азияда теңдесі жоқ. Және Елорда әуежайы ешқашан да бос болмайды, мұнда үнемі қозғалыс, экономикалық ауқымы да орасан. Осы жағдайлар бұл нысанды алдыңғы қатарға шығарады деп сенемін. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер