Ақмола облысының археологтары үлкен олжаға кенелді. Зеренді ауданындағы Кең-өткел қорымында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан олар, қола дәуіріне тиесілі әшекейлер мен қыш ыдыстар тауып алды. Айта кетейік, бүгінде Ақмола облысында 2 мыңға тарта тарихи-мәдени мұра нысаны бар. Олардың 1 мың 300-ден астамында архелогиялық қазба жүргізілген.

 

АЙЫМ НҰРМАҚАНОВА, СТУДЕНТ:

 - Біз бұдан бұрын қыш ыдыстарды да таптық. Одан кейін адамның сүйегін, баланың сүйегін таптық, жылқының сүйегін таптық. 9 қыш ыдыс таптық. Біз осы теориядан оқығанымызды практикада қолдандық және де осы бүгінгі тапқан ескерткішімізді қола дәуірінің, яғни, 4 мың жыл бұрынғы жерленген ескерткіштерді тапқынымызға біз өте қуаныштымыз және де мен мұны ешқашан да ұмытпаспын.

Қорымнан табылған әшекейлер қола дәуіріндегі қыз-келіншектердің сән-салтанатынан хабар береді. Арада мыңдаған жыл өтсе де, қолөнер бұйымдары жақсы сақталған. Сынып қалған қыш ыдыстардың да, сыры кеткенмен, сыны кете қоймапты.

 

ЖАСҰЛАН ҮКЕЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІ АРХЕОЛОГИЯ БӨЛІМІНІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Қола дәуірінің әрбір кезеңінде геометриялық орнаменттеріне қарап, қыш ыдыстарды біз қай кезеңге жататынын анықтауға болады. Мысалға, мына қыш ыдыстың бүйірінде салынған орнаменттеріне қарап, бұның біз қола дәуірінің соңғы кезеңіне жатқызамыз. Өйткені, бұған ұқсас зат, 2010 жылы қазылған археологиялық қазба жұмыстары барысы кезінде «Орманды бұлақ» қорымынан табылған қыш ыдыстар, осыған ұқсас, тура келеді, дәл келеді.

 

Мамандар, «Зеренді ауданының аумағында мұндай жәдігерлер әлі де көп кездесуі мүмкін»,-дейді. Себебі, бұған дейін де бұл жерден алтын және күміс әшекейлер табылған еді. Сондықтан, қазба жұмыстары жалғаса бермек. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер