Елорда төріндегі EXPO-2017 халықаралық көрмесі ұлтымыздың мәдени құндылықтарын әлемге паш етуге сеп болуда. Дүниеге жар салған шара еліміздің қолөнер шеберлерінің де басын бір арнаға тоғыстырды. Бүгінде шеберлер қауымы қиялдарынан туған кәдесыйлары мен авторлық бұйымдарынан пайда табумен қатар, мәдениетімізді жұртшылыққа танытуда.

 

ДИНАРА МҰҚАТОВА, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:

 - Ойыншықтарымыз 100 пайыз мақтадан тігіледі.Халықаралық көрменің арқасында отандық өнімді әлемге таныту мүмкіндігіне ие болдық. Бүгінде ойыншықтарымызға шетелдіктердің қызығушылығы басым. Енді ойыншықтарымыз әлемнің түкпір-түкпіріне таралады.

 

Филипп Джерга Қазақстанға Словакиядан достарымен бірге келіпті. Бұл оның Қазақ еліне алғашқы сапары екен. Дүңгіршектен EXPO логотипі бар кәдесыйларды сатып алмақ. Сапасы жоғары, бағасы қолжетімді бұйымдарды елде қалған туыстарына тарту етеді.

 

ФИЛИПП ДЖЕРГА, ТУРИСТ /СЛОВАКИЯ/:

 - Астана - әсем қала! Осында халықаралық көрменің өтетінін естіп, саяхаттап келдім. Мән-маңызы жоғары көрмені тамашаладым. Мен әлемнің болашағы үшін алаңдаймын. Сондықтан, көрме барысында жасыл технологиялармен танысып, қазақ елшіне риза болдым.

Бұл істі дөңгелеткен кәсіпкерлердің айтуынша, кәдесыйларға деген сұраныс жоғары болғаны соншалық, тағы сауда нүктелерін ашуға тура келіпті. Тауарлардың бағасы бекітілген,  сондықтан көтеруге болмайды.

 

АЗАТ ЖИЕНБАЕВ, КӘСІПКЕР:

 - Дәл осындай керемет болады деп ойлаған жоқпыз. Шетелдік азаматтар болсын, қазақстандық азаматтар болсын, кәдесыйлар өте қатты ұнап жатыр. Қазақстандық қолөнер шеберлері өте көп екен.

 

ЕРЛІК САҒЖАНОВ, АСТАНА ҚОНАҒЫ:

 - Өте жақсы. Көңілімнен шықты бүкіл тауарлар. Яғни, сапасы өте жоғары.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген шеберлер Астана маңындағы этноауылда бас қосты. Тері, киіз, ағаш, қыш және зергерлік бұйымдарды қалайсыз ба? Барлығын осы жерден табасыз. 22 жастағы зергер Зият Сәтінбек күнделікті жұмысын бірнеше ай бойы үйреншікті шеберханасында емес, қазақ ауылында өткізбек.

 

ЗИЯТ СӘТІНБЕК, ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРІ:

 - Біздің көрсетіп жатқанымыз ұлттық бұйымдар. Шетел адамдары осы ұлттық бұйымдарымызға өте қатты қызығады. Бұл - тұмарша, оның өзіндік бір салмағы бар. Осыны жасауға кем дегенде бір айдай уақыт жұмсалады. Ер азаматтарға осындай ақинақтар бар.

Халықаралық көрме кезінде кәдесыйлар дүңгіршектері таңертеңнен кешке дейін ашық болады. Ал қолөнер шеберлері күзге дейін тынымсыз еңбектенбек. Басты мақсатымыз –«Қазақ елін әлемге таныту. Мәдениетімізді көрсету»,-дейді олар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер