Сарыарқа төрінен сапарға аттанған еліміздің «Бабалар ізімен» экспедициясы Польшаға табан тіреп ат шалдырды. Бүгінгі Польшаның тарихын өзгерткен шайқаста біздің батыр бабаларымыз көрсеткен көзсіз ерліктерді ел әлі күнге аңыз қылып айтады. Он бесінші ғасырда поляктар Крест жорығына шыққан жаудың бетін қайтарғанда әскер сапында Дешті-Қыпшақтың жаужүрек әскері де болған. Бұл жөнінде Еуропаның тарихшылары жиі жазып жүр.

 

САПАР ЫСҚАҚОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біздің бабаларымыз жеңіске жетуге үлкен себепкер болды. Жеңісті литовецтерге алып берді деп айтуға да болар еді. Өйткені, ол соғыста олар тек қана  дала жауынгерлеріне байланысты тактиканы пайдаланған, қолданған.

Дешті-Қыпшақ жауынгерінің ұрыстағы тәсілі жауды күтпеген жерден тығырыққа тіреп, шарасыз қалдыратын болған. Ол туралы көне мұрағаттарда мәліметтер де сақталған. Батыстағы батыр бабаларымыздың соғыстағы машығын бүгінде жергілікті тарихшылар зерттеп жүр.

 

АЛИ БАЗАРОВ, ТАРИХШЫ:

 - Қыпшақ-татар жауынгерлері жауды бір шетінен алдап, торға түсіріп талқандаған. Мәселен, ұрыс барысында бірден артқа қашып, арттан қуған қарсыласқа бүйірден келіп басқа жасақ шабуылдаған. Сонымен қатар, химиялық қару ретінде аттың тезегін пайдаланған деген мәліметтер бар. Оны әлі де болсын зерттеу керек.

Польшада бұрыннан бері келе жатқан ұлттардың бірі – қарайымдар. Олар да сол дәуірде Дешті Қыпшақтың құрамында болған. «Бабалар ізімен» экспедициясы діні бөлек болғанмен, тілі ұқсас халықтың біздің бабаларымызға байланысын білу үшін генетикалық сынама алды.

 

МАРИЯ ЛАПКОВИЯ, ПОЛЬШАДАҒЫ ҚАРАЙЫМ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Біз қарайымдар Дешті Қыпшақ халқының бір бөлігі болғанымызды білеміз. Қыпшақ диалектті өз тілімізді сақтап қалдық. Еуропада тұрғанымызға қарамай өз салт-дәстүрімізді белсенді насихаттап келеміз.

Өткен тарихты насихаттау – жас буынды тәрбилеудің басты құралы. Польшаның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Селим Хазбиевич елбасының рухани жаңғыру бастамасы ұлтқа бағдар болатын басты темірқазық дейді.

 

СЕЛИМ ХАЗБИЕВИЧ, ПОЛЬШАНЫҢ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

 - Менің ойымша қазақ елі үшін, сонымен қатар азия халықтары үшін де «рухани жаңғыру» бағдарламасының маңызы зор. Өйткені, өткен тарихты түгендеу, салтты сақтау, дәстүрді дәріптеу арқылы ғана ұлт өзін сақтап қалады.

50 күннің ішінде «Бабалар ізімен» экспедициясы 14633 шақырымды жүріп өтті. әлемнің оннан астам елінде болып үлгерді. Әлі Еуропаның Германия, Италия, Франция секілді елдеріне арнайы ат басын бұрады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер