Қазақстанның дипломатиялық қызметіне 25 жыл. Тәуелсіздік алған тұста Қазақстанның шетелде бір де бір дипломатиялық өкілдігі болмаған. Сыртқы саяси қызметпен айналысатын мамандар да тапшы еді. «Ширек ғасырда Қазақстан әлемдік сахнада өз орны бар мемлекетке айналды» ,- деді жиынға қатысушылар.

 

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - «Ғасырлар тоғысында» деген еңбегінде Президентіміз ең алғашқы кезеңдегі жағдайды былай деп сипаттады: «Бұл мәселені жан-жақты қарастыру керек болатын. Ал біздің сыртқы саяси қызметтегі дәстүріміз жұтаң болатын». Елбасының стратегиялық пайымы еліміздің әлемдік аренадағы қазіргі келбетін анықтап берді.

 

Қазақстанның сыртқы саясаты белсенді, тепе-теңдікті ұстануымен белгілі. Елбасы түрлі халықаралық шиеленістерде бітімгер қызметін атқаруда.  Жиында Нұрсұлтан Назарбаевтың осы қызметіне арналған тағы бір еңбек таныстырылды. Нұрлан Онжасовтың «Бітімгер: Сирия түйіні» атты жұмысында Елбасының Сирия дағдарысы мен Мәскеу-Анкара арасындағы текетіресті реттеудегі медиаторлық рөлі сарапталған.

 

НҰРЛАН ОНЖАСОВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨМЕКШІСІ:

 - Біздің сындарлы да бейбітсүйгіш сыртқы саясатымыз бен көреген халықаралық бастамаларымыз дүниежүзілік қауымдастық тарапынан кең танылды. Қазақстан жауапты әрі тұрақты әлем мемлекеттерінің қатарына нық қосылды. Сыртқы саяси координаттар жүйесінде өзінің беделді де лайықты орнын таба алды. Мұндай жетістік Президенттің есімімен байланысты екені сөзсіз. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер