Жазда Астана ерекше құлпыра түседі. Қала аумағы абаттандырылып, жасыл желек жайқалды, ал түрлі-түсті гүл егілген гүлзарлар көз тартады. Субұрқақтар да шаһар сәніне сән қоса түсті.

Жаздың аптап ыстығында субұрқақ маңынан сая іздейтін халық көп. Ал мөлдір суда қызықтаған балаларда есеп жоқ.

 

ОЛЖАС БУРАХАНОВ, ОҚУШЫ:

 - Бұл жаққа біз анда-санда келеміз. Бұл жақсы, суы тап-таза. Бұл жақта біз еркін және өзімізді денемізді шынықтырып, бұл жақтың суы бізге ұнайды.

 

Елордада алғашқы субұрқақ өткен ғасырдың 70-ші жылдары салыныпты. Бүгінде олардың саны 120-дан асады. Барлығы таңғы сегізден кешкі 11-ге дейін жұмыс істейді. Солардың бірі Ақорда маңында орын тепкен. Айта кетейік, елордалық субұрқақтарға бассейндермен тең күтім жасалады. Фонтандардың жұмысын реттеумен күн сайын 150 маман айналысады.

 

ЛИЗА СОЛ, ТУРИСТ /ҚЫТАЙ:

 - Астанаға алғашқы рет саяхаттап келдік. Қазақ елінің табиғатына, Астана қаласының сұлулығына тәнтіміз. Халықтың меймандарға деген ықыласы ерекше. ЕХРО көрмесін тамашалап, шаһар көшелерін аралауды жөн санадық. Өте әсем!

Ерке Есілде жайғасқан бұл субұқақтың шоуын асыға күтетін халық көп. «Күн» деп аталатын бұл фонтан түр-түсі және техникалық жағынан бірегей. Оны іске қосуға бір мезетте 70 газ бүріккіштің көмегімен, от және судың ойынын көрсетеді. Сонымен қатар, жүйеде жоғары қысымды 836 сусорғыш пен 900 субүріккіш қолданылады. Фонтанның музыкалық әрленуі өзгеше. Жергілікті музыканттар ЕХРО халықаралық көрмесіне орай арнайы композиция әзірлеген.

 

ГАУҺАР НҰРСЕЙІТОВА, ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - ЕХРО-ны аралап, бүгін Астананы аралап, міне, кешке, фонтанды көріп жатырмыз. Қуаныштымыз. Мақтаныш қой, Қазақстанның, осындай еліміздің болғанына, осындай Астанамыздың болғанына. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер