Дүниені дүбірге бөлеген EXPO-2017 Қазақстанның танымалдығын арттыра түсті. Халықаралық көрмеге арналған шара Дүниежүзілік банктің Вашингтондағы штаб-пәтерінде өтті. Қонақтарға мазмұнды мәдени бағдарлама ұсынылып, қазақтың дастарқаны жайылды. Әсіресе, «Аққу» биін билеген қазақтың ару қыздары көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. «Мен Қазақстаннанмын» әнін орындаған семейлік Диас Мүсәлімовке те ерекше құрмет көрсетілді. Нью-Йоркте оқып жүрген өнерлі студент бұған дейін де АҚШ-тың бірнеше концерт залдарында өнер көрсеткен еді. «Мұның бәрі – елімізде өтіп жатқан EXPO көрмесін насихаттау»,-дейді Гүлнара Фебрес.

 

ГҮЛНАРА ФЕБРЕС, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНКТІҢ ЖЕТЕКШІ МАМАНЫ:

 - Дүниежүзілік банкте 200-ге жуық ұлттың өкілі жұмыс істейді. Менің өзмінің осында қызмет атқарып келе жатқаныма 20 жылдан асып кетті. Біз шарада Арал теңізі жайында деректі фильм көрсеттік. Теңізді қайта қалпына келтіруге арналған жобалармен таныстырдық. Ұлттық ас мәзірлерін де ұсындық. Әріптестерім бағдарламадан ерекше әсер алды деп ойлаймын.  Қазақстан жайлы ақпаратты қысқа-нұсқа бере алдық. Бүгінде банкте 10 мыңға жуық адам жұмыс істейді.

Ал Анкара көгінде қазақ әуендері әуеледі. Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 25 жылдығына орай түрік елінің бас қаласында Қазақстанның мәдени күндері өтті. Концертте өнерпаздарымыз түркиялық өнерсүйер қауымға Қазақ елінің ыстық сәлемін әсем ән, тәтті күймен жеткізді. Айтулы шара аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі болып, Қазақстанның мәдениет үйі ашылды. Ұлттық нақышта безендірілген орталықта кәдесыйлар мен түрік тілінде жарық көрген қазақ ақын-жазушыларының еңбектері көпшіліктің назарына ұсынылды.

 

ЭНГИН УЧАР, АНКАРА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Қазақстанның мәдени күндеріне арналған концерттік бағдарлама өте жоғары деңгейде өтті. Өнерпаздардың орындау шеберлігіне тәнті болып, сұлулығы көздің жауын алар киім үлгілеріне таңдай қақтық. Ұмытылмас бұл кештен көңіліміз көтеріліп, керемет әсермен қайтып барамыз. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер