Қазақстанда туристік саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды. Ол екі кезең бойынша 2018-2020 жылдары және 2021-2023 жылдары іске асырылмақ. Жоспар бойынша, келер жылы «Қазақтуризм» ұйымы құрылады. Олар өңірлердің ерекшеліктерін ескеріп, аймақтың имидж қалыптастыру мен маркетинг жұмыстарын жүргізу ісін қолға алып, қай облыста қандай демалыс ұйымдастырылатынын және туристік бағыт болатынын белгілейді. Әзірге алты өңірлік мәдени-туристік кластер анықталған. Туристерге жағдайды жеңілдету үшін визалық-көші-қон саясатын реттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Мәселен, елге визасыз кіре алатын елдердің тізімі 63 мемлекетке дейін ұлғайған.

Ел аймақтарындағы туризмнің дамуына Астанада өтіп жатқан халықаралық ЕХРО көрмесі де ықпал етеді. Елордаға келген саяхатшылар үшін өңірлерге мазмұнды турпакеттер әзірленген. Солардың бірі Алакөл бағытына арналған.

 

ВЛАДИМИР БАЖИН, ТУРИСТ /РЕСЕЙ/:

 - Аты аңызға айналған Алакөл туралы ғаламтордан көп оқыған едім, ақыры бел шешіп алғаш рет келіп тұрмын. Мұндағы көлдің шипасын сезініп, саф ауамен тыныстап, халықтың кең пейіліне, достық құшағына бөлендік. Жағалаудағы көркейту жұмыстары да демалушылар үшін жасалып жатқаны қуантады. Дамыған шетелдерден еш кем емес.

Ал бір ғана Қарағанды облысында 12 табиғи қорық, 2 ұлттық парк және 2700-ден астам тарихи-мәдени ескерткіш бар. Биыл Балқаш қаласында да инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында 15 жоба қолға алынған.

 

БАЙЗАҚ ӘЛМАҒАНБЕТОВ, ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАСЫНЫҢ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Қазіргі кезде бізде 4 демалыс орны үздіксіз жұмыс жасап тұр Балқаш қаласына қарайтын. Биыл, ендігі жылы тағы 4 демалыс орнын ашуды көздеп отырмыз. Бізде тілек білдірушілер, туристік жобаны әрі қарай апарамын дейтін кәсіпкерлер көп, біз оларды қолдап отырмыз. 

Бір ғана Балқаш қаласына өткен жылы 33 мың турист келіпті бұл соңғы үш жылдықты салыстырғанда 22 пайызға көп. Олардан жергілікті қазынаға түскен қаржы көлемі 330 миллион теңгеден асады. Ал биыл ЕХРО көрмесінің өтуіне орай, жиһанкездердің саны 20-30 пайызға артады деп болжануда. Жуырда мұнда бірнеше әуе рейсі ашылыпты. Ал Балқашты кесіп өтетін 4 жолақты күре жол 2019-2021 жылдары салынбақ.

 

МӘРКЕН ЕҢСЕГЕНОВ, ТУРИСТ:

 - 5 жылда келсек, жылда-жылда осы жердің істелген істері көп. Жағадағы тазалықтары да жақсы. Міне, осылай алға басып, осылай дамып кетеміз. Отандық туризмді халық қолдау керек. Егер жан-жаққа кете берсек, ақшамызды сыртқа шығара берсек болмайды, елге қосу керек.

Жуырда Балқаш қаласының кәсіпкерлері мен туристік компаниялар арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі екіжақты бірнеше келісімге қол қойылды. «Бұл құжат алдағы жылдары туристердің Балқаш қаласына көптеп келуіне, осылайша ішкі туризмнің ілгері басуына ықпал етеді»,-дейді қос тарап.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер