Қазақстанның EXPO-дағы сфералық павильоны көрмеге келушілерді таңдай қақтырды. Үстіңгі жағына екі жел генераторы қойылып, фотогальванды элементтермен құрастырылған нысанның ерекшелігі әсіресе Эрманно Визинтайнерді  таң қалдырды. Астананы өз көзімен көрген танымал италиялық түркітанушы Римге келісімен жерлестеріне көрмеге баруға кеңес берді. Өткен жылы ол EXPO-ның құрылыс алаңын аралауға мүмкіндік алған еді. Сондықтан оның аяқталғанын көргенше асыққан. «Нәтиже күткендегіден де керемет болды», - дейді өзі.

 

ЭРМАННО ВИЗИНТАЙНЕР, EXPO-2017 КӨРМЕСІНІҢ ҚОНАҒЫ:

 - Көрмені ғаламтордағы 3Д турымен араладым, құрылыс алаңында болдым, сондықтан футуристік жобаның жүзеге асқанын көзіммен көруге асықтым. Көрдім де, көңілім толды. Нысанның архитектурасы мен алуан түрлі жаңа технологиялары таң тамаша қалдырды. Әсіресе фотогальванды сфера ерекше ұнады. Енді барлығына Астанаға баруға кеңес беремін. Бұл халықаралық үлкен кездесу десем болады.

 

Ал Германия Бундестагының халықаралық істер жөніндегі комитеті өкілі Андреас Янның пікірінше, EXPO-ны өткізу бизнес үшін мол мүмкіндікке жол ашады. Көрме кезінде Астана келісімшарттарға қол қойылатын және іскерлік келіссөздер мен бизнес семинарлар өтетін бірегей алаңға айналды. Саясаткер неміс экономикасының қозғаушы күші шағын жəне орта бизнес екенін бөле-жара атап өтті. Жəне бүгінде көптеген неміс кəсіпкерінің Қазақстанмен қоян-қолтық жұмыс істеуге дайын екенін айтады.

 

АНДРЕАС ЯН ГЕРМАНИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ КОМИТЕТІНІҢ ХАТШЫСЫ:

 - Қазақстанның ЕХРО 2017 көрмесін өткізіп жатқанына өте қуаныштымын. Маңызды шараны сәтті өткізулеріңізге тілектеспін. Германия осы көрмеге қатысуға ниетті. Бұл ынтымақтастығымызды кеңейтудің тамаша мүмкіндігі. Қазақстанның дəстүрлі энергия көздерінен бас тартқалы жатқан бастамасын құптаймын. Энергия қуатын тиімді пайдалану өте қызықты іс. Германия осы салада көш бастап келеді. Ұйымдастырушылардың "Болашақ энергия" тақырыбын таңдағанына өте ризамыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер