ЕХРО көрмесі Астанаға  ғана емес, барша әлемдік қауымдастыққа оң әсерін тигізбек. Нобель сыйлығының лауреаттары осындай ой білдірді. Шараның «Болашақ энергиясы» тақырыбы барлығымыз үшін маңызды, дейді олар.

 

РАЖЕНДРА КУМАР ПАЧАУРИ, НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ, ҮНДІСТАН:

 - Астанадағы ЕХРО-2017 көрмесі барша әлемдік қауымдастық үшін маңызға ие. Қазақстан таза энергияны өндіруге бет бұрып отыр. Бұл қуантпай қоймайды.

Қазақстандағы ЕХРО – баламалы энергия саласындағы тың жобалар алаңы. Көрме ашылғалы қатысушы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар бірегей технологияларын таныстырып та үлгерді. Жел, күн, мен судың күшін пайдаланып, энергия өндірудің түрлі әдістері ұсынылған.

 

РАЭ КВОН ЧУНГ, НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЛАУРЕАТЫ /ОҢТҮСТІК КОРЕЯ/:

 - Бірнеше елдің павильонын аралып шықтым. Қатысушы мемлекеттердің тыңғылықты дайындалғаны көрініп тұр. Маған әсіресе, желден энергия өндіретін қондырғы қызықты болды. Тағы бір жайтты ерекше атап өткім келеді. Қазақстан - қара алтынға бай , көмірі көп ел. Осыған қарамастан жас мемлекет болашақ энергиясын дамытуға өзіндік үлесін қосып жатыр. Бұл мақтауға тұрарлық жағдай деп білемін.

 

Нобель лауреаттары Назарбаев университетінде жас ғалымдармен жаңа энергетиканы дамыту мәселелері бойынша ой бөлісті. Сондай-ақ, синтетикалық жанар-жағармайдың пайдаланылуын сөз етіп, Қазақстандағы «жасыл» технологияларға баға берді. Олардың айтуынша, еліміз «таза» энергетикаға көшу жолында айтарлықтай табыстарға қол жеткізуде. Меймандар бұл тұста үкімет тарапынан қабылданған стратегиялар маңызды рөл атқаруда деп отыр.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер