Сыр өңірінде «Қорқыт ата» мемориалдық кешені жанынан халықаралық көрме аясындағы этноауыл салтанатты жағдайда ашылды. Сыр өңірінің барлық жеті ауданы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолын бойлай орналасқан. Соның бірі - Қармақшы. Ақмешіт атырабының рухани айнасы сырт елден саяхаттап келушілердің де жиі ат басын бұратын жеріне айналды.

Мұнда келген туристер зергерлер мен қолөнершілердің таңғажайып туындыларымен таныса алады. Олардың жүн, былғары, киізден жасалған табиғи таза дүниелерді сатып алуға да мүмкіндіктері бар. Жіп иіру, кілем тоқу сияқты алтын қолды шеберлердің де өнерін осы жерден тамашалауға болады. Салтанатты шарада қыз қуу, теңге ілу, асық атып, арқан тарту сияқты ұлттық ойындардың да көркі қызды. Ал жауырыны жуан жігіттер өзара түйе палуанды анықтады.

 

СЕРІК ЖАҚСЫҒҰЛОВ, ЖЫРАУ:

 - Рухани жаңғыру деп отырған біздің қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті, өркениеті өрістейтін уақыты. Осыған байланысты қазақ халқының кешегісі, ұлттық кодымыз деп жатырмыз. Тектілігімізді, дегдарлығымызды танытатын, жалпы рухани барлық саланы, жыраулықты, күйшілікті, ақындықты дамытатын кезең. Әсіресе ЭКСПО-2017 көрмесі аясында біздің ұлттық өнерімізді айшықты, нақышына келтіре отырып, әлемге танытуға мүмкіндік туып отыр.

 

Өткеннен өнегелі тағылым беретін шара аясында жыраулық өнер де ұлықталды. Жырдың киесі қонған Ақмешіт атырабының аты алысқа тараған жыршы-термешілері ел тарихын тереңнен толғады. Түйіп айтқанда, Сыр еліне табан тіреген шетелдік қонақтар үшін  кіндігі алтын бесік ауылға байланған қазақ ұлтының бар құндылығын, рухани-тарихи мұраларын көріп, мәнін түсінуі үшін жақсы мүмкіндік болмақ.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер