EXPO-2017 көрмесі жаһанның жіті назарын Қазақстанға аударды. Әлемнің танымал ақпарат құралдары «Болашақ энергиясы» тақырыбының маңыздылығын жарыса жазып жатыр.

«Жер қойнауынан алынатын отын үстемдігінің дәуірі аяқталуға жақын. Экологиялық таза қуат көздері – адамзат болашағы. Бұл дәуір тіпті сарапшылар болжағаннан әлдеқайда ерте басталатын түрі бар.  EXPO 2017 көрмесінде ұсынылған жасыл энергетика саласындағы соңғы ноу-хаулар осыған дәлел». Әлемнің 70-тен аса елінде хабар тарататын қытайлық  СGTN  (Си Джи Ти Эн) ақпарат агенттігі осылай деп жазған. «Адамзаттың орны толмайтын отынға тәуелділігі ғаламшарға нұқсан келтіріп жатыр. Ал EXPO-ның мөлдір шары – жаһанды сақтаудың үміт оты»,-делінген мақалада. Басылым Қазақстандағы «жасыл жаңғыртуға» көңіл бөліп, 2050-жылға дейін еліміздің баламалы қуат көздерінің үлесін 50 пайызға жеткізу жоспарын ерекше атап өткен. 

Еліміздегі халықаралық шара жайлы Беларусь елінің ұлттық мемлекеттік телерадиокомпаниясы да хабарлады. «EXPО-ға барып қайту уақыт машинасымен болашаққа саяхат жасау секілді. Бүгінде бұл технологиялардың көбінің тек түпнұсқалары ғана көрсетілген. Алайда келешекте оның бәрі талай нысандарды жылытып, жарықтандыруға көмектесетін болады» дейді Беларусь телеарнасының тілшілері.

Еліміздегі айтулы шара жайлы тіпті шалғайдағы аралдар да жарыса жазып жатыр. Кариб теңізі мен Атлант мұхиты арасында орналасқан Сент-ЛюсИя мемлекетінің «Сент-ЛюсИя таймс басылымы» EXPO-2017 туралы мақала жариялады. Онда «Болашақ энергиясы» тақырыбы аясында өткізіліп жатқан көрме халықаралық қауымдастыққа энергетикалық мәселелерді шешуге өз септігін тигізетіні туралы айтылған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер