Дүниежүзілік банк Қазақстанмен жаңа стратегиялық әріптестік жобасын әзірлейді. Бағдарлама аясында қаржы ұйымы алдағы 2 жыл ішінде ел экономикасының әртүрлі секторын дамытуға 3 жарым миллиард доллар бөледі. Бұл туралы аталмыш банктің еліміздегі тұрақты өкілі Ато Браун мәлімдеді. Шетелдік маманның айтуынша, өткен 25 жыл ішінде тараптар арасында жалпы құны 8 миллиард доллардан асатын 46 жоба жүзеге асқан. 

 

АТО БРАУН, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНКТІҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

 - Келешекте Дүниежізілік  банк Қазақстанда тас жол салу, әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу,  экономиканы қолдау, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, шетелдік инвестиция тарту сынды салаларды қолдауға дайын. Бұның бәрі жаңа стратегиялық әріптестік бағдарламасында өз көрінісін табады.

Осы Дүниежүзілік банк сарапшылары жақында «Бизнесті жүргізудің субұлттық рейтингін» жариялады. Нәтижесінде, Алматы еліміздегі бизнес үшін ең қолайлы қала атанып, әлемдегі үздік экономикалардың деңгейіне жақындай түсті. 73,61 ұпай жинаған оңтүстік шаһар Канаданың көрсеткішіне жақындай түскен. Оның рейтингі - 73,66 ұпай. Алматыдан кейінгі орын Ақтөбе облысында, үшінші орын - Қостанай өңірі. Ал елорда болса, жаңа ашылған кәсіпорындар көрсеткіші бойынша көш басында. Дүниежүзілік банк есебінде Астана және Алматы қалаларымен қатар 6 облыс орталығы зерттелген болатын. Сараптама кезінде бизнесті жүргізуді есептеудің әлемдік әдістері қолданылды. Соңғы жылдары еліміз «Дуинг бизнес» рейтингінде де үздік реформа жасаушы елдер тізімінде 4 рет көрінген болатын.

 

ЖЮЛЬЕН ВИЛКИН, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК БАНК ТОБЫНЫҢ КОМАНДА ЖЕТЕКШІСІ:

 - Біз бизнесті тіркеу шаралары мен уақыты сынды көрсеткіштерді сараптадық.  Зерттеу 2003-2016 жылдар аралығын қамтыды. Жағдайдың айтарлықтай жақсарғандығын атап өткім келеді. Күту мерзімі 70 пайызға, ал қажетті шаралар 2 есеге азайған. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің шығындарын барынша кемітіп отыр.

 

СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

 - Біреу енді бірінші орын алады, ол деген жақсы-жаман деген емес, ол деген жұмыс. Бүкіл дүниежүзінде 189 қазір мемлекет бар сол рейтингте, сондықтан ойламаңыз ол біреудің ойыншығы деп. Түк керек емес зат деп. Ол деген өте инвесторлардың шешім қабылдайтынына, қайда инвестиция салуына әсер ететін, ықпал ететін өте маңызды нәрсе.

 

Қазіргі таңда отандық кәсіпкерлер құрылыс жүргізу рұқсатын бір жерден алуда. Бұл да кәсіпкерлікті қолдау шараларының бірі. Дүниежүзілік банк мамандары тағы 2 жылдан соң жаңа рейтинг жарияламақ. Сол кездегі жағдай мен реформалар ескерілетін болады.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер