ЕХРО көрмесіне келген шетелдік туристердің алды аймақтарды аралауға кірісіп кетті. Солардың бірі – сингапурлық журналист Сантош Кумар. Әріптесіміз әуелі еліміздің күнгейіне баруды жөн көріпті. Онда Түркістан, Отырар секілді көне шаһарларда болып, Арыстан-баб кесенесіне аялдаған. Кейін облыс орталығы Шымкент қаласының көрікті орындарын аралапты. Алған әсері жайлы еліне оралған соң көлемді материал әзірлемек ниетте. Ол Сингапурдағы The Straits Times (Стрэйтс Таймс) газетінде 30 жылдан бері тілші болып қызмет етеді екен. Басылымның 1,5 млн-ға жуық аудиториясы бар.

 

САНТОШ КУМАР, ТУРИСТ:

 - Ежелгі Түркістан, Отырар қалаларындағы тарихи ескерткіштер өте жақсы сақталыпты. Енді Сингапурлық оқырмандарды да осы Оңтүстік Қазақстандағы мәдени дүинелер жайлы өз мақаламда таныстырамын. Мені Шымкенттің шырайлылығыда таң қалдырды.

 

Туристерді қабылдауға Жамбыл жұрты да тас-түйін дайын. Қонақтарға 8 туристік бағыт бойынша 33 тарихи нысан әзірленді. Ақыртас сарай кешені Тараз қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан. Қызыл түсті тастан қаланған тарихи нысан жайлы алғашқы дерек Қытай қолжазбаларында кездеседі.

 

АЛМАС МҰХТАРОВ, «ЕЖЕЛГІ ТАРАЗ ЕСКЕРТКІШТЕРІ» ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚОРЫҚ МУЗЕЙІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

 - Қала жөнінде бір деректерде қамал дейді, бір деректерде қорған дейді. Енді біз үлкен 4 гектар аумақтағы қаланы көріп отырмыз. Мұнда шеберлер ауылы, тас карьері, сонымен қатар қалашықтың өзінің бірнеше бөлмеге бөліп тұрғандығы, қамалдың есігін, осының барлығы біз Ақыртас қалашығының бүгінгі күнге дейінгі жеткендігін айта аламыз.

Тарихи нысанға қарай жуырда 8 шақырым жол салынды. 100-ден астам көне жәдігер қойылған мұражай өз жұмысын бастады. «Бұл кешен туристерді таң қалдырмай қоймайды», – дейді мамандар.

 

ҚАРЛЫҒАШ АРАЛБЕКОВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

 - Бір ай уақыт ішінде облысымызға 24 мемлекеттен 40-тан астам турист келіп кетті. Оларға қызмет етуге 24 туроператор тіркелген, 100 ерікті жұмыс істейді. Көбі – шет тілдерді жетік білетіндер.

Меймандарды сондай-ақ Берікқара шатқалында орналасқан ежелгі қорымдар да бей-жай қалдырмайды. Мұнда бас-аяғы 411 оба бар. Обалардың айырмашылығы биіктігінде, ең үлкені 7 метрге дейін жетеді.

 

ҚУАНЫШ ДӘУРЕНБЕКОВ, «ЕЖЕЛГІ ТАРАЗ ЕСКЕРТКІШТЕРІ» ТАРИХИ-МӘДЕНИ ҚОРЫҚ МУЗЕЙІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Әрбір қорғанның биіктігіне, көлеміне байланысты ондағы адамның дәрежесін анықтауға болады. Мұнда 10-нан астам патшалық қорымдар бар, патшалық қорғандар деп есептеуге болады. Осы төңіректе табылып отырған материалдарға байланысты, яғни тас, топыраққа қай жерден тасымалдануына ыңғайлы, сол жерде төбелер үйіп отырған.

 

Аймақтағы барлық тарихи нысандарда үш тілде толық мәлімет жазылған ақпараттық тақтайшалар қойылған. Ең көп туристер «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығы, Қарахан және Айша бибі кесенелеріне келеді деп жоспарлануда. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер