Астанадағы ЕХРО көрмесі халықаралық ақпарат құралдарының назарында.

Танымал Forbes журналы ауқымды шараға арнаған мақаласын «EXPO 2017 - Қазақстанның халықаралық аренаға жасаған тағы да бір қадамы» деп атапты. Онда Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталестің «Қазақстан жаңғыртылатын қуат көздерін дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, экологиялық таза технологиялар саласына инвестициялар тартып жүр» деп пікір айтқаны жазылған.

Ал Индонезияның The Jakarta Post (Джакарта пост) порталы ЕХРО-2017 көрмесінің маңыздылығын атап көрсетеді. «Көрме әлем жұртшылығын қоршаған ортаны қорғауға, табиғи қорды үнемдеуге, жаңғыртылатын жасыл энергияға көшуге үндейді. Ал онда ұсынылған технологиялар бір елде болсын міндетті түрде қолданысқа енгізіледі», деп жазады портал сарапшылары.

Түріктің TRT Haber (ТРТ Хабер) басылымының тілшілері Астанадағы көрменің ашылу салтанатынан қатты әсер алғандарын жазыпты. Олар шоу-бағдарламаны керемет және таңқалдырарлық деп сипаттаған.

 

Ал италиялық affari italiani (Аффари италиани) газетінің журналистері ЕХРО қалашығының жобасының ауқымдылығына таңданған. Мақалада қазақ елінің дәстүрлі энергия көздеріне бай бола тұра, баламалы энергетиканы дамытуға басымдық беріп отырғаны айтылған. «Бұл – көрегендіктің белгісі» дейді италиялық журналистер.

 

Ал бельгиялық журналист Антонио Бускардинидің «Brussels Express» (Брассэлс экспресс)  ақпараттық порталында  «Болашақ энергиясы - Орталық Азиядағы пікірталас» атты мақаласы жарық көрді. «115 мемлекет, 22 халықаралық  ұйым, көптеген халықаралық компаниялар үш ай бойы баламалы энергияға қол жеткізу және парниктік газдардың мөлшерін азайту мақсатында қауіпсіз және тұрақты жолдарды сарапқа салады. Қазақстан –мұнай, газ, уран және  басқа да қазба байлықтарын экспорттаушы ірі елдердің бірі. Бірақ бұл жағдай баламалы қуат көздерін дамытуды мақсат еткен Астанада ашылған шараға еш қайшы келмейді» - делінген Брассэлс экспресс мақаласында.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер