ЕХРО аясында Біріккен Ұлттар ұйымының күні атап өтілді. Ұйымның бас хатшысы Антониу Гутерриш көрмеге қатысушыларға бейнежазба түріндегі сәлімдемесін жолдады. Салтанатты шарада Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Біріккен Ұлттар ұйымынан келген өкілдер сөз алып, халықаралық көрменің маңыздылығын, тақырыбының өзектілігін ерекше атап өтті.

 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

 - Қазақстан үшін Біріккен Ұлттар ұйымы баламасы жоқ ұйым. Расында бірегей ұйым. Сондықтан Қазақстан Біріккен Ұлттар ұйымымен одан әрі ынтымақтастықты дамыту үшін бар күш-жігерімізді пайдаланамыз.

 

ДЖИХАН СУЛТАНОГЛУ, БҰҰ ЕХРО-2017 КӨРМЕСІНДЕГІ БАС КОМИССАРЫ:

 - ЕХРО шарасы өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Сол үшін тұтас Қазақстан халқы мен ел үкіметіне алғысым шексіз. Көрмеге Біріккен Ұлттар ұйымы қатысып отыр. Сол үшін біз өте қуаныштымыз. Болашақ энергиясы тақырыбы БҰҰ-ның қызметімен тікелей байланысты. Осы көрме арқылы біз осы саладағы мәселелерге әлем назарын аудартқымыз келеді.

 

Мәртебелі меймандар көрмеге бас сұққаннан кейін, ішін аралап кетуді жөн көрді. Ең алдымен олар «Нұр-әлем» нысанында болды. Сөзсіз, ғимараттың сәулеті де, сәні де, тақырыбының мәні де кірген адамдарды бей-жай қалдыра алмайды. Оқ бойы озық технологиялар болашақтан жеткізілген іспетті. Құрметті қонақтар көрмені ерекше ықтиятпен тамашалады.

ЕХРО қалашығында Тәжікстан елінің ұлттық күні де өтті. Бұл республиканың төрткүл дүние көз тіккен халықаралық көрмеге қатысуының мәні тереңде жатыр. Өйткені, тәжіктер су электр станциялары арқылы энергия көзін тиімді пайдаланудың жолын тапқан.

 

УСМОНЗАДА УСМОНЗАЛИ ТӘЖІКСТАННЫҢ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ СУ РЕСУРСТАРЫ МИНИСТРІ

 - Бізде су қоры мол, сондықтан жаз мезгілінде де жұмыс істеуге мүмкіндігіміз бар. Артығымен өндірілген электр энергиясын Орталық Азияға, қосымша Қазақстан мен Өзбекстанға өзге де мемлекеттерге жібере аламыз. Өйткені, көп елдер газ бен көмір тұтынып отыр. Сондықтан табиғи таза әрі арзан энергия көзін пайдаланғаны тиімдірек болар еді.

 

Тәжікстан Орталық Азиядағы теңізге шығар жолы жоқ мемлекет бола тұра, Жібек Жолының маңызды тармағы осы елдің үстінен өткен. Ал Астана ЕХРО көрмесінде Тәжікстан павильоны Жібек Жолы залында орналасқан. Ұлттық күнге орай бұл елдің өнерпаздары мазмұнды мәдени бағдарлама әзірлепті.

Тәжіктер қонақтарға бай мәдени мұрасын паш етті. Бұдан бөлек, минералды ресурстардан жасалған ерекше жәдігер көптің көңілінен шықты. «Бақыт ағашы» деп аталатын экспонант 20 түрлі тастан жасалған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер