Оңтүстік Кореядан Астанаға тағы бір топ саяхатшы жолға шықты. Олар ЕХРО-2017 көрмесіне барады. Туристер ауқымды шара туралы Сеул қаласында қазақстандық туроператорлардың қатысуымен өткен таныстырылымнан көріп білген. Көрмеге орай ұшақ билеттерін де арзан бағаға алған.

 

ЮН ЧОН ДЖА, САЯХАТШЫ:

 - Сәтін салса, Қазақстанды алғаш рет аяқ басамын. Сондықтан қатты қызықсам да бір жағынан қобалжып тұрмын. Шаһарда көретін көрікті жерлер өте көп әрі шараға президент ерекше көңіл бөліп отырғанын естідім. Көрмеге бірнеше рет бармақпын. Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынастың орнағанына көп уақыт болған жоқ. Бірақ екі елдің арасындағы байланысқа кәріс диаспорасы едәуір ықпал етіп, мемлекеттер арасында достық қарым-қатынас орнағанынан хабардармын.

Қытай жұртшылығы Астана ЕХРО көрмесі тамашалауға асық. Бейжіңдегі Қазақстан Елшілігінің консулдық қызметі күшейтілген жұмыс тәртібіне көшіп, туристік, іскерлік визаны уақытында рәсімдеп жатыр. Жергілікті студент Сю Вэй отбасымен әлемдегі ең жас қала Астананы араламақшы. Анасы екеуі виза рәсімдеуге келді. Биыл Қазақстандағы Қытай туризмі жылын пайдаланып, саяхаттап қайтуды жоспарлап отыр.

 

СЮ ВЭЙ, БЕЙЖІҢ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

 - Қазір сабағым аяқталып, бос уақытым болғандықтан, ата-анаммен Қазақстанға барып демаламыз деп шештік. Себебі, биыл Астанада ЕХРО көрмесі өтеді. Сондай-ақ,  биыл Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы. Бұл менің Қазақ еліне алғашқы сапарым. Алғашында виза алу қиын екен деп алаңдадым. Бірақ туристерге виза рәсімдеу жылдам екен.

Болашақ техникалық мамандық иесі Сю Вэй ЕХРО көрмесінде тың жаңалықтарды бірінші болып білсем деген ниетте. Оның үстіне бозбаланы  Димаштың жеке концерті қызықтырып барады. Әлемдік деңгейдегі танымал жұлдыздардың концерті де қытайлық саяхаттаушылар үшін тосын сый болып отыр.

 

БОЛАТ СЫРЛЫБАЕВ, ҚР ҚХР ЕЛШІЛІГІ КОНСУЛДЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Күнде сағат 9-дан 1-ге дейін. Түскі 3-тен 7-ге дейін адамдарды қабылдап, кейбір кезде сенбі, жексенбі де қабылдап жатырмыз. Өйткені бәріміз білеміз қазір ЕХРО, Қытай азаматтарының қызығушылығы өте көп. Одан бөлек басқа да арнайы іс-шаралар бар. Оған бара жатқан адамдарға біз мүмкіндігінше тездетіп белгіленген уақыттас тыс уақытта да қабылдап тырысып жатырмыз.

2015 жылы желтоқсанда Қазақстан мен Қытай топтық виза берудің ADS келісіміне қол қойған болатын. Қазір жедел виза үш тәулікте, әйтпесе бес күнде  дайын болады. ЕХРО-ға баратын туристердің құжатын қабылдатын қосымша терезелер ашылған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер