Арнасай ауылында жастардың Expo-Camp лагері ашылды. Халықаралық көрменің көрнекі алаңына айналған «Жасыл технология орталығы» елорда тұрғындары мен қонақтарын қабылдайды. Табиғат аясындағы шатырлы қалашық әр апта сайын 200 адамнан қабылдайды. Жазғы лагерьде көңіл көтеріп қана қоймай, уақытты пайдалы өткізіп, түрлі жасыл технологиялармен танысуға болады.

Expo-Camp шатырлы лагерін ашу рәсіміне қатысқан халық қалаулылары, отандық кәсіпкерлер мен Маңғыстау облысынан келген меймандар өнертапқыш жастардың әр саладағы тың жобаларын көрді. Оның ішінде қолөнер, экодизайн, экотағам, жылыжайлар, түрлі тәжірибелер жасау, смарт-киіз үйлер, күн сәулесінен қуат алатын панельдер, шағын құлтемірлер, қоршаған ортану тазарту, қатты қалдықтарды қайта өңдеу және тамшылап суару технологиялары бар. Осы жерде ЕХРО-2017 саябағы да ресми түрде ашылды. Оны көркейтуге қатысқан жастар алған әсерімен бөлісті. 

 

АСЫЛЖАН ЖАҚАН, ОҚУШЫ:

 - Осы жерде біз әр түрлі жасыл технологиялармен таныстық. Осы бір саяжайды, топырақты, тастарды, гүлдерді қолдана отырып, көркемдете түсуге тырыстық. Әр түрлі иллюстрацияларды осы тастардың көмегімен жасап көрдік. Тағы да 3 күн бойы боламыз.

 

Лагерьдің ашылуына Джи-Глобалдың Халықаралық Хатшылығы, «Жасыл» экономиканы қолдау және Джи-Глобалды дамыту Коалициясы, «Ақбота» қоғамдық қоры, Қазақстанның скауттық қозғалысы мұрындық болды. Бұл жерде мектеп жасындағы балалар мен жеткіншектер табиғат аясында өмір сүру жағдайлары мен қорғаныс тәсілдерімен танысады. Мінезі тұйық біртоға оқушылар бұл жерде өздерін жаңа қырынан танытып, жасақ командирі атанып, өзінің құрбы-құрдастарына төтенше жағдайда қандай іс-әрекет жасау керектігін үйретеді. Сонымен қатар өнерлі өрендер апта сайын елімізге белгілі тұлғалармен кездесіп, көкейде жүрген ой-пікірін ортаға салады, - дейді шараға ұйытқы болып жүрген Салтанат Рақымбекова.

 

САЛТАНАТ РАҚЫМБЕКОВА, «G-GLOBAL» ДАМЫТУ КОАЛИЦИЯСЫ» ЗТБ БАСҚАРМА ТӨРАЙЫМЫ:

 - Оларды осындай өзімізбен бірге әрі қарай үлкен жасыл технологияларды алға тартатын жас мамандар болатын болса болашақта деп, осы ауылды көтеретін жас мамандар болатын болса. Олардың осындай мамандықты таңдауда, осындай білімді сапалы кәсіпкерлер болуға басқа өкімет қызметкері болуына осы лагерьдің ықпалы әбден тиеді деген ойдамыз.

 

Айта кетейік, бұл лагерь ЕХРО-2017 халықаралық көрмесі аясында 3 ай бойы қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта жыл сайын өткізу де ойда бар.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер