ЕХРО-ға келген шетелдіктер заманауи инновациялық шешімдерді ғана көріп қоймай, бірнеше ғасырлық тарихымыз, дәстүрімізбен де танысып қайтпақ. Маусымның 10-ынан қыркүйектің 10-ына дейін көрме меймандарын «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешені қарсы алады. 2 жарым шаршы метрді алып жатқан кешенде киіз үйлер тігіліп, бүтін бір ауыл пайда болған. Имидждік жоба «Қазанат» ипподромының аумағында жүзеге асырылмақ.

 

ЕЛСИЯР ҚАНАҒАТОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІНІҢ КОМИТЕТ ТӨРАҒАСЫ:

 - Аламан бәйге, Жорға жарыс, Ұшқыр бәйгеден жарыстар болады. Соның алдында ұлттық спорт түрлерінің көрсетілімдері болады.  3 ай кезінде ұлттық спорт түрлерінен мұндай көрсетілімдер жұмасына 3 реттен кем емес.

Мұнымен қоса, кешенде жергілікті қолөнершілердің туындылары да орын алады. Мүсін, графика, зергерлік бұйымдар, керамика, киізге басылған картиналар. Еліміздің әр өңірінен келген шеберлердің қуантып, көз тартар еңбектері жетерлік.  Апта сайын шеберлер мен олардың туындылары ауысып отырмақ. 

 

ӘНЕЛ ӘЛІБАЙ, ШЕБЕР:

 - Әр түрлі техникада жұмыс істеймін. Сулы, құрғақ және нуно-киіз. Соңғысы – жібек матасы мен киізді бірге басу техникасы. Мына картинаны сулы техникада жасап жатырмын. Кейін кепкеннен кейін кейбір жерлерін құрғақ  техникада мүмкін қосамын.

Ал ұлттық ойындар бөлімінде келушілер «Қыз қуу», «Аударыспақ», «Күміс алу» сынды ойындарды тамашалайды. Аттың құлағында ойнаған шабандоз мергендер де өз өнерлерін паш етуді ұмытпақ емес. Аты аңызға айналған қазақтың тазы иттерінің жарысы да осы жерде. Бір сөзбен, кешендегі бағдарлама ауқымды. Мақсат – еліміздің мәдени саналуандығын жұртшылыққа көрсету.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер