Астана ЕХРО қонақтарын қарсы алуда. Замануи көрмеге ерекше дайындалған елордамыз көркейіп, құлпыра түскен. Алыстан ат терлетіп келген меймандарға, талғампаз туристке барынша жағдай жасалған. Экскурсия жасауға арналған автобустар, жаңа жүйемен жұмыс істейтін такси қонақтарға қызмет көрсетуде. Шаһардың демалатын орындары қызу жұмыс кестесіне көшіп, 152 қонақ үй есіктерін айқара ашқан.

Аник Пелчат Канададан ЕХРО-ны көру үшін елордаға арнайы келген. Әлемнің талай шаһарында болған турист қазақ елінің бас қаласын көріп, таңданысын жасыра алған жоқ..

 

АНИК ПЕЛЧАТ, ТУРИСТ /КАНАДА/:

 - Астана - керемет. Заманауи шаһар. Жасыл, тап-таза. Қыдырып тамаша әсер алдым.

Аник Пелчат сияқты шетелдік туристің адасып кетпеуіне Астанада толық жағдай жасалған. Мынадай бағыт-бағдар беретін тақтайшалар қаланың негізгі қиылыстарына қойылған. Жаяу жүріп шаршаған туристке такси қызмет көрсетеді. Әр көлікте шетелдіктердің тілін түсінетін құрылғы бар.

Такси шақыртсаңыз, көлік 5-6 минутта жетіп келеді. Себебі, елордада бірыңғай такси қызметі іске қосылды. Яғни барлық таксопарктер ЕХРО кезінде бірлесіп жұмыс істейді.

 

ДМИТРИЙ МАКАРИЧ, ТАКСИ ҚЫЗМЕТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Біз 100 шақты жаңа көлік сатып алдық. Жүргізушілермен тиісті жұмыс жүргізілді. Қонақтарды қалай күтіп алу керектігін үйреттік. Бәрі арнайы киімде.

Таксиден бөлек туристер кемелерге мініп те серуендей алады. Бүгінде Есіл жағасында демалатын орындар бұрынғыдан да көбейген. ЕХРО кезінде олардың бәрі әдеттегіден әлдеқайда қызу жұмыс істейтін болады.

Ал Аник Пелчат Астананың көрікті жерлерін тамашалау үшін саяхат автобусын таңдаған. ЕХРО-ға орай сапардың ұзақтығы 50 минуттан 1 жарым сағатқа дейін ұзартылды. Саяхат автобусы таң атқаннан түнгі сағат 11-ге дейін жүреді. Себебі туристерге ЕХРО кешені көрсетіледі.

 

ТАЛАНТ РАМАЗАНОВ, ТАСЫМАЛДАУШЫ КОМПАНИЯНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Триумф аркасы, Мәңгілік ел көшесімен өтіп біз ЕХРО-ның барлық керемет жерлерін айналып, көрсетіп өтеміз. Бізге келіп жатқан шетелдік туристер де, Қазақстанның өңірлерінен келіп жатқан азаматтар да олар таң қалып барлығы қарап жатыр.

Астана – бүгінде барша Қазақстанның мақтанышы. Шетелдік қонақтарға марқайып тұрып көрсететін киелі орда. Ал ЕХРО нысаны болса, ару Астананың келбетіне көрік, сәулетіне сән беріп тұратын бірегей кешен.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер