Шығыс Қазақстан облысында қазақстандық термоядролық «Токамак» қондырғысы іске қосылды. Әлемде баламасы жоқ нысанды салу туралы шешім 1997 жылы қабылданған. Ұзақ жылдар бойы қондырғы Курчатов қаласында ресейлік ғалымдардың атсалысуымен жасалды.

 

ЭРЛАН БАТЫРБЕКОВ, ҚР ҰЯО БАС ДИРЕКТОРЫ:

 - Мұндай қондырғы тұрғызу  күрделілігі жағынан атом стансасын салудан кем емес. Біз Елбасымыздың айқын мақсатының арқасында әлемде бәсекеге қабілетті инновациялық атом қуатын еліміздің ертеңгі игілігі үшін пайдаланбақпыз.

 

ПЕТР ХВОСТЕНКО,  «КУРЧАТОВ ИНСТИТУТЫ» ҰЗИ ТЕРМОЯДРОЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР БЛОГЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ /РЕСЕЙ/:

 - Қондырғыны жасау туралы бастаманы осыдан 15-20 жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен академик Евгений Велихов ұсынған болатын. Велихов ол кезде Мәскеудегі Курчатов институтын басқарған. Сол қондырғы бүгін іске қосылып отыр. Бұл ғалымдарға аса маңызды зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді.

ТМД-ның алты мемлекеті «Токамакты» бірлесіп пайдалану туралы келісімге қол қойған. Қазақстандық реакторда бірлескен сынақ жұмыстарын жүргізуге АҚШ, Корея және Жапония ғалымдары қызығушылық танытып отыр.

 

МАСАКИ НАКАГАВА, ЖАПОНИЯЛЫҚ NDF КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Қазақстанның Ұлттық Ядролық Орталығымен 1993-жылдан бері тығыз қарым-қатынас орнатқанбыз. Содан бері бірнеше ғылыми жобаларды бірге жүзеге асырдық. Бүгінде бұл орталық атомды бейбіт мақсатқа пайдалану бағытында іргелі ізденістер мен сүбелі жаңалықтар ашумен келеді.

Тарихи оқиғаның «Болашақ энергиясы тақырыбын арқау еткен ЕХРО көрмесінің басталуымен тұспа-тұс келуі символикалық мәнге ие. Өйткені қондырғы термоядролық синтезді игеру арқылы сарқылмайтын қуат өндіреді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер