Қазақстан мен Доминикан Республикасы әріптестікті кеңейтуге дайын. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Доминикан сыртқы саяси ведомствосының басшысы Мигель Варгаспен кездесті. Тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық, инвестициялық және туристік байланысты нығайта түсу мәселесін қозғады. Соңғысы үшін визалық жүйені жеңілдету көзделуде. Қазіргі таңда елдер арасындағы үкіметаралық келісім қарастырылып жатыр. Айту керек, бұл –  Қазақстан мен Доминикан екіжақты байланысы тарихындағы тұңғыш ресми сапар. Кездесу нәтижесінде министрлер саяси декларацияға қол қойды.

 

МИГЕЛЬ ВАРГАС, ДОМИНИКАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

 - Бұл менің Қазақстан елордасына алғаш келуім. Біз түрлі салалар бойынша өзара әріптестік жөніндегі келісімге қол қойдық. Сондай-ақ саяси диалогқа мән бермекпіз. Бұл үшін қосымша келісімдер жасайтын боламыз.

 

Ал алдағы тамыз айының 11-і күні Астанаға Швейцария Конфедерациясының президенті келеді. Дорис Лойтхард ЕХРО көрмесіне ерекше қызығушылық танытып отыр. Ол халықаралық шара аясында ұйымдастырылатын Ұлттық күндерін ашатын болады. Бұл жөнінде аталмыш мемлекеттің Қазақстандағы Елшісі Урс Шмид мәлімдеді. Швейцария басшысы жұмыс сапары барысында елімізде бірқатар келісімдерге қол қояды деп көзделуде. Тараптар іскерлік әріптестікті нығайтып, алыс-берісті арттыра түсуге мүделі. Тек соңғы үш жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 10,3 млрд. доларға жетті.  

 

УРС ШМИД,  ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ШВЕЙЦАРИЯ ЕЛШІСІ:

 - Швейцария маңыздылығы жағынан Қазақстанның бесінші сауда серіктесі. Былтыр  Қазақстаннан Швейцарияға жасалған экспорт 2,7 млрд долларды құрады. Бұл 2015 жылғы сауда саттық көрсеткішінен 6,5 пайызға артық.  Бұл ретте Қазақстанның энергетика саласының шоқтығы биік. Сондай-ақ асыл тастар мен метал тасымалданады. Қазақстанда Швейцарияның дәрі-дәрмегі мен техникаларына, сағатқа деген сұраныс жоғары.

 

Швейцария мемлекетімізге тікелей инвистиция құю бойынша үздік үштікті тұйықтайды. 2005-2016 жылдар аралығында Қазақстанның экономикасына 17,5 млрд. долар салынды. Бұл жергілікті жерде мыңнан астам жұмыс орнын құруға септескен. Бүгінде ел аумағында Швейцария капиталымен 40-қа тарта кәсіпорын еңбек етіп келеді. Қос мемлекттің арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына биыл 25 жыл толып отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер