«Бабалар ізімен» экспедициясы Дағыстандағы ноғайлар ең көп шоғырланған аудан Терекли-Мектебке келді. Шоқан Уалихановтың жазуынша, он алтыншы ғасырдың соңына дейін қазақ, қарақалпақ, ноғай бір шаңырақ астында күн кешкен. Бүгінде Терекли-Мектебте 20 мыңнан астам ноғай түтінін түзу түтетіп отыр. Салтты сақтап, дәстүрлерін дәріптеуді жолға қойған. Ұлттық киімдеріндегі оюдан, би қимылдарынан қазаққа ұқсастықты аңғару қиын емес.

Домбыра ноғайлар үшін де ұлттық аспап. Отандасымыз Ахметбек Санияздың Терекли-Мектебке келгеніне жылға жуықтаған. Ауылда аспап жасайтын адам болмағандықтан, бауырлас халық қолқа салып, арнайы шақыртқан.

 

АХМЕТБЕК САНИЯЗ ШЕБЕР:

 - Астраханьда бір мастер бар. Содан барып алады екен. Содан Қазақстаннан барып алады. Біздің Қазақстандағы бағаға келіспейді. Өте қымбат көрінеді. Содан қиналып жүр екен. Мында келіп үйреттік, үйренді.

Қазақтың ауыз әдебиетіндегі Қобыланды, Едіге, Қозы Көрпеш-Баян Сұлу секілді кейіпкерлер ноғайлардың да ұлттық жыр-дастанына кірген. Мәдениет пен әдебиеттің ортақ болуы екі ұлттың бір атадан тарайтынына тағы бір айғақ. Экспедицияны Ноғай ауданының әкімі Казмагомед Янбулатов арнайы қабылдады. Тарихты жаңғыртып, мәдениетті дамыту бағытындағы елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасы барлық ұлтқа қажет деген ойымен бөлісті.

 

КАЗМАГОМЕД ЯНБУЛАТОВ, НОҒАЙ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Көбі бірдің түбі бір деп айтады. Біздің түбіміз бір. Бір заттан шыққан халықпыз. Бәріміз де қыпшақпыз.  

«Бабалар ізімен» экспедициясы жергілікті халықтан генетикалық сынама алды. Зерттеу нәтижесі ноғайлардың қазаққа қаншалықты жақын екенін енді ғылыми түрде дәлелдеуге мүмкіндік береді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер