«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру үшін зиялы қауым, тарихшылар, археологтар, атқарушы билік бірлесіп Ұлытауға аттанды. Мақсат – қасиетті орындарды өзара сабақтастыра отырып ұлт жадында біртұтас кешен орнықтыру. Халқымыздың тарихи астанасы саналатын Ұлытау жерінде 6 мыңға жуық ескерткіш бар. Қазір соның тек 20 пайызы ғана зерттеліп, мемлекет қорғауына алынған. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы, Домбауыл, Алашахан кесенелері және қазақтың бірнеше ханы билік жүргізген «Хан ордасы» осы өлкеде. Тоқтамыс пен Едіге батырдың да жатқан жері осы – қарт Ұлытау. 

Ұлытау жеріндегі киелі орындардың бірі – көне металлургиялық Талдысай қонысы. Бұл жерде ерте қола дәуірінде ата-бабаларымыз мыс балқытып, бұйым жасапты. Шахталық тәсілмен жұмыс істейтін жер асты пештері соның дәлелі. Тарихшылар «Ұлы жібек жолынан» бұрын «мыс жолының» болғанын, керуеннің дәл осы Ұлытау жерінен өткенін айтады.

 

ҒАБДОЛ ӘУЕЗОВ, ТАРИХШЫ-АРХЕОЛОГ:

 - Бұл сол кезде біріншіден, мынадай евроцентристік көзқарасты жоққа шығарады. Қазақ халқының ата-бабалары, яғни, көшпенділер, бәріміздің ата-бабаларымыз тек қана мал бағып, егін егіп қана қоймаған, адамзаттық үшінші шаруашылығы металлургияны игерген, одан бұйым жасағандығын көрсетеді.

Ауданға жылына 10 мыңдаған турист келеді. Сан ғасыр бұрын салынған тарихи-мәдени ескерткіштерді құртып алмау үшін, жыл сайын қалпына келтіру жұмыстары да жүйелі жүргізіліп тұрады.

 

ӘНУАР ОМАРОВ, ҰЛЫТАУ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

 - Бірнеше ғасырлық тарихы бар нысандар біздің ұлттық қадір-қасиетімізді, тарихымызды әлем халқына паш етуге қызмет жасауы керек деді. Яғни, бұларды әлем халқына таныстыру, осы арқылы туризмді дамыту, оларға инфраструктура әкелу.

Рухани жаңғыру туралы елбасы мақаласының мәйегі – мәдени-географиялық белдеуге енетін орындардың маңызын әр қазақстандыққа жеткізіп, оқу-ағарту жұмыстарын жандандыру. Бүгінде Ұлытаудағы мектеп оқушыларына аптасына бірнеше мәрте өлкетану сабақтары өткізіліп тұрады. Мұражай қызметкерлері туған жердің бай тарихын жас ұрпақтың санасына сіңіруге барын салып жатыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер