Қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерінің экспорты үшін жаңа нарықтарға жол ашық. Парижде өткен Дүниежүзілік жануарлардың денсаулығын сақтау ұйымының жыл сайынғы Ассамблеясында еліміз аусыл ауруынан таза аймақ деген мәртебе беруге шешім қабылданып, оны 180 мемлекет қолдады.

 

ГҮЛМИРА ИСАЕВА, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Бұл мәртебе біз үшін Қытай, Иран, Парсы шығанағы елдерінің нарықтарына жол ашты. Еуразиялық Экономикалық Одақ аумағында да сауда-саттықты арттыруға жаңа мүмкіндік туды. Қазақстан халықаларалық талаптарға сай, табиғи мал өнімін шығаруға қауқарлы. Біздің фермерлер ішкі нарықты қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге экспортқа да шығаруға қабілетті.

 

МОНИК ЭЛУА, ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЖАНУАРЛАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫН САҚТАУ ҰЙЫМЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қазақстанмен арадағы ынтымақтастық соңғы бірнеше жылда нығая түсті. Біз Астанада ұйымның өкілдігін аштық. Енді міне, Қазақстан аусыл ауруынан еркін аймаққа айналғаны қуантып отыр.

Тиісті сертификатты Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше барлық мемлекет мойындайды. Бұл мәртебені алу үшін қазақстандық тарап 15 жыл еңбектенді.

 

КАЗИМИРАС ЛУКАУСКАС, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЭПИЗООТИЯЛЫҚ БЮРОСЫНЫҢ ЕУРОПАДАҒЫ ӨКІЛДІГІНІҢ БАСШЫСЫ:

 - Қазақстанның ветеринария ғылымын танып, осы бағыттағы жұмысты күшейтуі біз үшін маңызы зор. Бүгінде Алматы мал дәрігерлік институты мен Тулуза Университеті арасындағы келісім бар. Енді қос жоғары оқу орнының дипломдары Еуропада мойындалатын болады.

Қазақстан мал шаруашылығы өнімдерінің жоғары сапасын растайтын басқа да сертификаттар алуды жоспарлап отыр. Өйткені, еліміздің экспорттық әлеуеті зор.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер