Қазақстанның билік партиясы – «Нұр Отан» әлем мемлекеттерінің озық тәжірибесінен үлгі алмақ. Стратегиялық әріптестік пен партияаралық диалогты дамыту мақсатымен қазақстандық делегация жақында Жапония мемлекетіне барды. Мұхтар Құл-Мұхаммед жапон үкіметінің басшысымен кездесіп, Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық және саяси жаңғыру жөніндегі бастамалары туралы айтып берді. Өз кезегінде Синдзо Абэ КХДР-дың ядролық зымырандарды сынау әрекетін айыптағаны үшін Қазақстан мен оның Президентіне алғысын жеткізді.

 

ТАКЕО КАВАМУРА, ЖАПОНИЯ ПАРЛАМЕНТІНДЕГІ ҚАЗАҚСТАНМЕН ДОСТЫҚ ЛИГАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Өткен жылы Қазақстан Президенті Жапонияға өте табысты сапар жасады. Бұл біздің ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түсу үшін жаңа серпін берді деп есептеймін. Алдағы уақытта ынтымақтастығымызды арттыратын игі істерді көптеп жүзеге асыруымыз керек.

 

Такео Кавамура Жапония Парламентіндегі Қазақстанмен достық лигасын басқарады. Оның құрамында 40-қа жуық депутат бар. Көбі – билік басындағы Либералдық-демократиялық партияның мүшелері. Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның Бас хатшысы Тосихиро Нихаймен кездесіп, партияаралық диалогтың келешегін талқылады. Жапон либерал-демократтарының тәжірибесі біз үшін маңызды. Себебі, елдегі «экономикалық таңғажайыптың» бастауында осы саяси күш тұр. Бүгінде нұротандықтар да Үшінші жаңғырудың алдыңғы шебінде.

 

МҰХТАР ҚҰЛ-МҰХАММЕД, «НҰР ОТАН» ПАРТИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан мен Жапония арасында өзара сыйластық пен ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынас орнады. «Нұр Отан» партиясы осы елдегі ең үлкен саяси күш болып табылатын, елдің премьер-министрі басқаратын  Либералды-демократиялық партиямен байланысты жаңа деңгейге көтеріп отыр.

Жапония – өзінің ғылыми зерттеулерімен, IT технология саласындағы жетістіктерімен әлемге аты шыққан ел. Токиода «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарына жасанды зияткерліктің көмегі арқылы адамның кім екенін анықтауға мүмкін беретін технологиялық құрылғылардың жұмысы көрсетілді. Мұндай ноу-хауды бүгінде Бразилия, Сингапур және АҚШ әуежайлары қолданады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер