Қазақстандық экспедиция «бабаларымыздың ізін» Әзірбайжаннан тапты. Осы республика аумағындағы қазақ ауданы біздің ғалымдардың қызығушылығын тудырды. Шығыс Кавказды мекен еткен қандастарымыз туралы ақпарат жинау үшін зерттеушілер мұндағы тарихи және археологиялық нысандарды аралап, жергілікті тұрғындармен тілдесті.

 

САПАР ЫСҚАҚОВ, ЭКСПЕДИЦИЯ БАСШЫСЫ:

 - Әзірбайжандағы қазақ ауданы жайлы алғаш естігенімде, елді мекеннің «Қазақ» деген атауының біздің елге қатысын зерттей бастадым. Енді осы ұйымдастырылған жиын барысында жергілікті ауданның қазақтармен байланысының шынымен  де барын білдім. Ол жерде өздерін қыпшақтардың ұрпағы деп есептейтін халық тұрады. Тұрғындардың түрі де, тілі де, тұрмысы де біздікіне ұқсас. Осылайша, қазақ халқының Әзірбайжанда таралған бір тамырын тауып отырмыз.

 

Жалпы, экспедиция әлемнің 40 елінен ата-бабаларымыздың ізін тапқан. Түркі ұлысының мекенін анықтау үшін ғалымдар генетикалық зерттеулер де жүргізеді. Бұл – түркі халықтары мен олардың алыс шетел тұрғындарымен байланысын іздеудің жаңа кезеңі.

 

ЖАҚСЫЛЫҚ СӘБИТОВ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ:

Палеогенетика дегеніміз генетиканың жаңа саласы. Ол – қазіргі тұрғындар мен мыңдаған жылдан бұрын өмір сүрген адамдардың генетикалық байланысын орнатуға мүмкіндік беретін ғылым. Осы жылдың сәуір айында Нэшнл Публикейшн журналында қазақтар мен өзге де түркі елдерінің шығыс сақтары мен скифтерінің ұрпағы екендігі жазылған мақала жарық көрді. Ал әзірбайжандар оғыз тобының түркі халықтары, славяндар мен ирандықтар шығыстағылардан ерекшеленген батыс скифтерінің ұрпағы деп жазылған. Бұл- өте қызықты мәлімдеме.

 

ЗАУР ГАСАНОВ, АРХЕОЛОГИЯ ЖӘНЕ ЭТНОГРАФИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Болашақта қазақ археологтарын Әзірбайжандағы біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықтың қазба ескерткіштерін зерттеуге шақыруды жоспарлап отырмыз. Бірлескен жұмыстардың арқасында Қазақстан мен Әзірбайжан аумағындағы скифтер мен сақтарға байланысты көптеген тарихи деректердің беті ашылады. 

 

Басқосуда Қазақстан мен Әзербайжан зерттеушілері мемлекеті мен мәдениетін өздігінен дамытқан түркі халықтарының тамыры тереңде жатқанын айтты. Ал бабалар ізімен жолға шыққан экспедиция тағы бірнеше елге барып, қазақ халқының тарихын зерттеу жұмыстарын жалғастыра бермек.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер