Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Туған жер» жобалары жүзеге аса бастады. Атап айатын болсақ, түркі мәдениетінің алтын қазығы саналатын көне қала Сығанақ шаһары археологиялық паркке айналдырылып, ашық аспан астындағы музей ашылды. 15-ғасырда қазақ хандығының негізгі саяси-экономикалық қалаларының бірі болған ол Жоңғар шапқыншылығынан кейін тіршілігін тоқтатты. Археологиялық зерттеулер көрсеткендей мұнда түркі өркениетінің тұтас тарихын айғақтайтын қазба ескерткіштердің барлық түрі кездеседі.

 

ӘЛІМЖАН ЕРЖАНОВ, ТАРИХШЫ:

 - Сауда байланыс болған. Тіпті Сығанақ теңгелері қазіргі Ресей территориясынан табылып жатыр. Еділ бойындағы көне Алтын орда қалалары Сарай, Гүлстан сол жерлерден шығып жатыр Сығанақ теңгелері. Ең соңғы халық мұнда 19 ғасырда өмір сүрген. Көп болмаған халық бірақ 19 ғ өмір сүріп, кейін қазіргі Жаңақорған аумағына қоныс аударады.

Бүгінде көне қаланың мешіт-медресесі қайта қалпына келтірілді. Рухани нысан орыс саяхатшысы Якубовскийдің 1927 жылғы фотосуретіндегі үлгісі бойынша жаңғыртылды. Ендігі кезек Дешті Қыпшақ, Ақ орда, қазақ хандығының астанасы болған шаһарды әлемге таныту жоспары тұр.

 

СҰЛТАН САРТАЕВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫНЫҢ АКАДЕМИГІ:

 - Өзіміздің тарихи жерлерімізді елге таныстыруымыз керек. Мынау Сығанақ деген өте ескі қала қазақ хандарының бәрінің орталығы болған жер. Сығанақты қазақ халқы туған жеріндей көретіні сол. Өйткені біздің тәуелсіздігіміздің басы осы Сығанақта жатыр.

Жалпы аумағы 80 гектарды құрайтын қаланың басты нысандары анықталып, табылған жәдігерлер «Сығанақ тарихы» музейіне қойылды. Мұражайдағы жүзден астам құнды қазба және жазба деректер ғасырлардан сыр шертіп, дәуірлер жаңғырығын жалғап тұрмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер