Рәміздерді тану ел тарихын білумен тең. Мемлекеттік нышандардың негізінде қазақ шежіресі жатыр. Елордада ашылған «Тәуелсіздік рәміздері» атты кітап көрмесі осыны айғақтайды. Онда ұлттық кітапхана қорындағы елтаңба, ту мен әнұранымыз жайында жазылған 40-қа тарта танымдық еңбек ұсынылған. Сондай-ақ, құжаттық және фото материалдар қойылған.  Төрт бірдей бөлімнен тұратын көрме төріне айшықты белгілеріміз турасындағы қанатты сөздер де жайғастырылған.

 

МӨЛДІР БАЙМАҒАНБЕТОВА, ҚР ҰАК МҰРАЖАЙ ЖЕТЕКШІСІ:

 - Бұрынғы салынған нұсқалары, одан кейінгі түп нұсқалары қалай салынды, соларды байқауға болады. Мәселен әнұранның сөздері қалай өзгерді, қай жерде екпінді болды? Тіпті, елтаңбаның өзінің пырақты, қанатты жылқыларына бірнеше рет түзетулеі болған. Солардың бәрінің түп нұсқалары әкеліп қойылды.  

Көрмеден орын тепкен әр еңбек нышандардың жалпы жылнамалық дамуын  құрайды. Мемлекет рәміздеріне ширек ғасыр толуына орай өткізілген шара ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған. Оған зиялы қауым өкілдері, тұрақты оқырмандар және елорда қонақтары қатысты.

 

ЖАНДАРБЕК МӘЛІБЕКОВ, ҚР ЕЛТАҢБАСЫНЫҢ АВТОРЫ:

 - Біздің рәміздеріміз шын мәнінде кім екенімізді көрсетіп келе жатқан үлкен бір елтұмар деп айтар едім. Сондықтан оларды біз биіктен көтеріп жүрсек деймін. Жастарымызға, басқағада, өзімізді тануға үлгі, мақсат болар еді деп ойлаймын.  

Қазақстанның көк байрағы әлемнің түпкір-түкпірінде желбіреп, елтаңбасы да өзгеге танылып үлгерді. Әуелеген әнұранның да сан мәрте шырқалғанына жұрт куә. Тәуелсіз елдің бейнесін жасайтын рәміздерге құрмет те ерекше.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер