Атыраудың тарихы он үшінші ғасырдан бастау алуы мүмкін. Тарихшылар «Ақтөбе-лаэти» атты көне шаһар шын мәнінде ежелгі Құмкент қаласы деген болжамын «Бабалар ізімінен» экспедициясының назарына ұсынды. Оған осы жерден табылған заттар айғақ. Атыраудың шетіндегі бұл көне шаһар он үшінші ғасырда Ұлы жібек жолы бойында орналасқан қолөнершілердің орталығы болған. Италиялық саяхатшының картасында «Лаэти» деген атаумен сақталған. Құпиясы мол қаланың сырын ашу үшін алғаш рет 1970 жылдары ресейлік археолог Лев Галкин қазба жұмыстарын жүргізді. Мамандар Каспий теңізі деңгейінің көтерілуінен қалашық су астында қалған дейді.

 

МАРАТ ҚАСЕНОВ, АРХЕОЛОГ:

 - Гурьев қаласы жай тегіс жерге айдалаға салынған қала емес. Бұл бұрыннан келе жатқан Құмкент, Ақтөбе-Лаэти қаласының орнына салынған. Егер, сол кезде бұл қала болмаса Гурьев те басқа жерде салынуы мүмкін  және салынбауы да мүмкін еді.

 

Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған Сарайшық та кешенді зерттеуді және қорғауды қажет етеді. Сегіз ғасырлық тарихы бар шаһарды Жайық суының шаюынан қорғау шаралары қолға алынуда. Қасым ханның Сарайшықта жерленгені рас болғанымен, сүйегі әлі күнге дейін табылмады. Қалашықта бүгінге дейін зерттелмеген аумақты аршыса, тарихтың жаңа парағы ашылуы мүмкін дейді,-саяхатшы Сапар Ысқақов

 

САПАР ЫСҚАҚОВ, САЯХАТШЫ:

 - Ол кісінің де денесін табуымыз керек. Ол кісіге де үлкен мавзолей салынуы керек. Қаланы барынша қаражат бөліп, үлкен музей істеуге болады. Аспан астындағы ашық мұражай. Сол арқылы біз жастарды тәрбиелер едік.

 

Сарайшықтан табылған жәдігерлер таңдай қақтырады. Мәселен, мына құмыраны зейін салып қараса свастика таңбасын байқауға болады. Ал, мына қыш ыдыста Жүсіп Баласағұнның «Кісі көркі жүз, жүз көркі көз, ауыз көркі тіл» деген нақылы жазылған. 

 

ОКСАНА ӘЛЖАНОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ӨЛКЕНТАНУ МҰРАЖАЙЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Құмыра 1909 жылы, осыдан жүз жыл бұрын табылған. Ең қызығы құмырада Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» поэмасынан үзінділер жазылған. Ол он бірініші ғасырда өмір сүрген шығыс ойшылы.

«Бабалар ізімен» экспедициясы Қазақстандағы сапарын аяқтап, енді Ресейге бет алды. Мұнда да қазақ тарихына қатысты ашылмаған сыр көп.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер