Тәуелсіз Қазақстан  туымен – тұғырлы, әнұранымен – айбатты, елтаңбасымен – еңселі. Тура 25 жыл бұрын ұлттық болмысымызды айқындайтын төл рәміздеріміз дүниеге келді. Нышандарымыздың бекітіліп қалыптасуы  ширек ғасырмен шектелмейді. Ғұлама Конфуцийдің «Әлемді рәміздер билейді» деген пікіріне қарап-ақ,  нышандардың ежелден қаншалықты маңызды екенін байқаймыз. Айшықты белгілердің негізінде егеменді елдің шежірелі дәстүрлермен сабақтастығын куәландыратын өзіндік тарихы жатыр. Онда өткен мен бүгін шынайы шеберлікпен  шендестіріліп үйлесімді ұласқан.

 

КҮЛӘЙША АҚТАЕВА, ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ – ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Әр нышанның өз орны бар, өз мағынасы бар. Оларды бір-бірінен айырып қарауға болмайды. Өйткені мемлекеттік туымыздың, елтаңбамыздың түсіне, ерекше жасалған өрнектеріне назар аударатын болсақ, ол біздің тарихымызды, мәдениетімізді көрсететін ерекше мәтіні бар деп айтуға болады.  

 

Мерейлі датаға орай Қазақстанның орнын әлемдік қауымдастықта айқындап, бірегейлігін танытатын Елтаңбаның жаңа нұсқасы әзірленді. Енді қасиетті отауымыздың нышаны белгіленген талаптарға сәйкес тек қана электронды түрде жасалуы тиіс. Қолданыстағылары жыл соңына дейін жаңа үлгіге толықтай көшіріледі. Олардың түсі қазіргіден әлдеқайда қанығырақ және әр белгісінің шекарасы нақтыланған. Оның қисынын тапқан бөліктеріне 40-қа жуық атау берілді. Әрбірінің өзіндік тарихи мәні бар. Өлшемдері мен сипаттамасы жайында жақында  жарық көрген арнайы кітаптан танысуға болады.

 

СЕРІК НЕГИМОВ, ҚР ЕҢБЕК СІҢІРГЕН ҚАЙРАТКЕРІ:

 - Елтаңба – мемлекеттің символы, рух кітабы, қазақ дүниетанымының шарайнасы. Бұл елтану, мәдениеттану, жаратылыстану ілімдерімен тығыз байланысты. Біздің болашаққа деген үмітіміздің зор екендігін, біздің тарихи танымымызды терең көрсететін ғажайып бір әлем. 

 

Көк байрағымыздың бір түсті болуы бірлігі жарасқан мемлекеттің  тұтастығын  білдіреді.  Өз  сәулесіне  шомылған  алтын  күн тыныштық  пен  берекені  бейнелейді.  Қыран құс батылдық пен бостандықты, көкіректің кеңдігі  мен  тазалығын  көрсетеді.  Ою-өрнек – халқымыздың түп-тамыры тереңде жатқан салт-санасы мен ой-өрісінің жарқын  көрінісі. Ал әуелеген әнұранымыз Қазақстанның сән-салтанатын қайда болмасын асқақтатып, отандастарымыздың көкірегіне елжандылық қасиетін ұялатататыны сөзсіз.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер