ЕХРО керуені Германия астанасына жетті. Мәдениет пен туризмді насихаттап Қазақстан жайлы толыққанды  ақпарат ұсынатын керуенді  қызықтаған халық көп. Бұған дейін көрме керуені Испания, Франция, Ұлыбритания, Нидерланд мемлекеттерінде болған. Берлиннің нақ төрінен орын тепкен экспо павильоны жергілікті тұрғындардың қызығушылығын тудырды.

 

ШТЕФЕЛЬ, БЕРЛИН ТҰРҒЫНЫ:

 - Маған Қазақ елі ұнайды. Миланда болғанымда Қазақстан павильонын көрген едім. «Болашақтың энергиясы» тақырыбын қазір әлемде қызу талқылайды. Сонымен қатар, сіздердің табиғаттарыңыздың сан алуандығы да таңқалдырады. Содан кейін Қазақстанға барғым-ақ келіп жүр.

 

Біздің елдің басты ерекшеліктерін мұнда интерактивті мониторлар мен ақылды гаджеттер арқылы тамашалауға болады. Қазақ даласының Швейцариясы атанып кеткен Бурабайдан бастап, Шымбұлақ секілді тау-шаңғы курорттары да туристерді ойландырғаны анық.

 

КАЙ-УВЕ, БЕРЛИН ТҰРҒЫНЫ:

 - Біз осы жолы ЕХРО көрмесіне міндетті түрде барамыз. Қазақстанда 10 күндей демалғымыз келеді. Алдымен, Алматыға барып, сосын Астананы бетке аламыз. Бірнеше күн көрмені тамашалаймыз. Осы сапарды күн санап күтіп отырмыз.

 

Германия да көрмеге белсенді дайындық жүргізген. ЕХРО кезінде бұл елдің павильоны ең ірілерінің бірі болмақ. Олар басым бөлігін алтернативті энергияға арнап, автокөлік саласындағы жаңашылықтарын көрсетпек. Соның ішінде электр қуаты арқылы жүретін көліктер де бар. 

 

ЮРГЕН КЛИМКЕ, БУНДЕСТАГ ДЕПУТАТЫ:

 - Мен ЕХРО-ның ашылуына барамын. Инновациялық әлемнің тегіс көз тігетін көрмесі болады. Менің ойымша, жазда Қазақстан мен Германия арасындағы байланыс одан әрі нығая түсетін секілді. Одан кейін айта кететін бір жайт бар. Экспо кезінде және одан кейін туризм дамиды. Неміс халқы саяхаттағанды ұнатады. Біздің көптеген отандастарымыз Қазақстанға қыдырып барып жатса, таң қалмаңыздар.

 

ЭДУАРД КИНСБРУНЕР, ГЕРМАНИЯ ЭКОНОМИКАСЫ АЙМАҚТЫҚ БӨЛІМІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Шілдеге қарай біздің елден делегация аттанады. Сол кезде екі жақты бизнесті дамыту бойынша отырыстар белгіленген. Химия, автокөлік, және туриз салалары бойынша келісім-шарттарға қол қойылады. Германия үшін Қазақстан сол аймақтағы қарқынды дамыған жалғыз әріптес десем артық емес. 

Астана ЕХРО көрмесі «Болашақ энергиясы» тақырыбымен маусымның 10-ында басталып, қыркүйектің 10-ына дейін жалғасады. Ауқымды шара барысында әлемнің 115 мемлекеті мен 22 халықаралық ұйым баламалы қуат көздерін дамыту саласындағы жетістіктерін таныстырып, тәжірибе алмасады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер