«Бабалар ізімен» экспедициясы Оралға барып, облыстық тарих және археология орталығының бертінде тапқан құнды жәдігермен алғашқы болып танысты. Бұл – Қырық оба қорымынан табылған таңбалы тас. Қашалған бейнелер көмескі тартқан. Археологтар, ол біздің заманымызға дейінгі 5-6 ғасырға тиесілі болуы мүмкін деген болжам айтады.

 

ЯНА ЛҰҚПАНОВА, БҚО ТАРИХ ЖӘНЕ АРХЕОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

 - Мұнда бірнеше сурет бейнеленген. Тасты толықтай зерттемегендіктен, әзірге оның қандай мәні бәрін айта алмаймыз. Ғылыми жұмыстарды алдағы уақытта жүргіземіз.

Бұл – Орал қаласының жанынан табалған ескі шаһардың макеті. Археологтар оны 2001 жылдан бастап 14 жыл қазған еді. Жайық деп аталған қаладан қазіргі Оралдың тарихы бастау алуы да ықтимал.

 

МҰРАТ СДЫҚОВ, БҚО ТАРИХ ЖӘНЕ АРХЕОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

 - Қала ірі әскери, сауда және әкімшілік орталық болған. Біздің ойымызша онда мың жарым тұрғын өмір сүрген. Кірпіш шығаратын кішігірім зауыттар жұмыс істеген. Сонымен қатар қазба жұмыстары барысында кейінгі қола, темір дәуіріне жатуы мүмкін жәдігерлер табылды. Соған қарағанда, қала одан да ерте дәуірде пайда болуы мүмкін.

2012 жылдың күзінде батыс қазақстандық археологтар тағы бір үлкен тарихи жәдігерге кез болды. Бұл – «Тақсай оба кешенінен» табылған ақсүйек әйелдің алтын бұйымдары. Сармат кезеңіндегі дәстүр бойынша ханшайым денесі өртеліп барып жерленгені анықталды.

Экспедиция мүшелері Бөкей ордасында елдің әлеуметтік әлеуетін оңалтуға айырықша үлес қосқан Жәңгір ханның ордасына барды. 1845 жылдың тамызында мезгілсіз қаза тапқан хан Жәңгір о баста Тарғын атты жазғы жайлауда жерленген. Араға төрт жыл салып ұлы Ибраһим мен туыстары сүйегін осы Хан ордасына әкеледі. Сол кезде қойылған құлпытас әлі күнге дейін сақталған.

 

ГҮЛНӘР МЫРЗАҒАЛИЕВА «БӨКЕЙ ОРДАСЫ» МҰРАЖАЙЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

 - Нұралы ханның немересі хан жиһангер Бөкейханның перзенті қайтыс болды 1845 жылы 12-сүмбіледе 42 жасында деп жазылған.

 

Хан ордасындағы мына мұражай кешенінде Жәңгірдің төккен тері мен елге сіңірген еңбегімен танысуға болады. Ол 1841 жылы Бөкей ордасында алғашқы қазақ мектебін ашты.

Қазақ «артыңнан мал қалғанша, тал қалсын» дейді. Бүгінде аумағы 18 мың гектардан асатын орман алқабын құмда өсіруге алғаш хат жазып себепкер болған да хан Жәңгір екен.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер